Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Шығыс өңірінде тірек ауылдар ретінде белгіленген 20 елді мекенде көшелер жөнделіп, 30-дан астам әлеуметтік нысанның ғимараты күрделі жөндеуден өткізіледі.
Өндірістік орталықтардан алыс орналасқан ауылдардың тағы бір тынысы – тірек ауылдар екені рас. Іргелес орналасқан елді мекендер тұрғындарына жұмыс беріп, жастарына білім алуға мүмкіндік жасайтын осындай ауылдардың Шығыс өңірінде 116-сы анықталған. Бүгінде ауыл халқының тең жартысынан астамын құрайтын мұндай елді мекендер қалай анықталады? Оларға мемлекет тарапынан қандай дәрежеде назар аударылып, қандай оңды өзгерістер орын алады? Қанша көлемде қаражат бөлініп, қандай нысандар қайта жөндеуден өткізіледі? Міне, бүгінгі әңгіменің төркіні осы жайында болмақ.
Шығыс Қазақстан облысының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының берген мәліметі бойынша өңірімізде 689 ауылдық елді мекен болса, оның 116-сы перспективті тірек ауылдар ретінде белгіленген. Ал ондағы халық саны 294,8 мың адамды, яғни өңірдегі барлық ауыл халқының 56,7 пайызын құрайды.
Алдымен тірек ауылдың не екенін анықтап алсақ. Тірек ауылдық елді мекен дегеніміз – ол абаттандырылған ауылдық елді мекен. Оларда сол ауылдың тұрғындарын және іргелес орналасқан ауылдық елді мекендердің халқын мемлекеттік және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ететін инфрақұрылым құрылады. Тірек ауылдар ауылдық елді мекендердің әлеуетін анықтау әдістемесіне сәйкес, тұрғындарының саны, халықтың көшіп-қонуы, жасы бойынша экономикалық белсенді халықтың үлесі, орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілуі, көліктік қолжетімділік, кент ішіндегі жолдар, мектепке дейінгі және орта білім беру мекемелері, медициналық мекемелер, ұтқыр байланыс пен кең жолақты интернет желісіне қосылу, жұмыспен қамту, мал және өсімдік шаруашылығықтарына жалпы қосылған құн, туристік аймақтар, экология сияқты 14 жиынтық көрсеткіш бойынша іріктеліп алынады, - дейді облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Ұлақова.
Жауапты тұлғаның айтуынша, бұл әдістемеде бекітілген критерийлерге сәйкес келетін ауылдық елді мекендер тірек ауылдар тізбесіне енгізілетін көрінеді. Дегенмен, тірек ауылдар тізбесі мүлдем өзгермейді деуге келмейді. Өйткені олардың тізімі жыл сайын ауылдық елді мекендердің өндірістік, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдары мониторингісі мен бекітілген өлшемдеріне сәйкес, ауылдардың даму әлеуеті негізінде жаңарып отырады.
Қазіргі уақытта тірек ауылдардың әрбір нысаны бойынша 2023 жылға дейінгі дамытудың әлеуметтік-экономикалық жоспары әзірлену үстінде. Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, дамудың кешенді тәсілі қамтамасыз етіледі. Бұл ретте тірек ауылдарда барлық қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде іс-шаралар іске асырылады. Аталмыш тәсіл қаржыландырудың барлық көздерінен және білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарымен, инженерлік инфрақұрылыммен және көліктік қолжетімділікпен қамтамасыз етіп, оларды белгіленген өңірлік стандарттарға дейін жеткізуге бюджет қаражатын бөлуді көздейді, - деп қосты Сәуле Тұмашқызы.Басқарма басшысының хабарлауынша, биыл тірек ауылдар ретінде бекітілген Глубокое, Көкпекті, Күршім, Үржар, Қарауыл, Ақтоғай, Бородулиха, Әуезов, Қалбатау, Қаратал, Үлкен Нарын, Солдатово, Катонқарағай, Марқакөл, Қалжыр, Ақжар, Тұғыл, Алтыншоқы, Мақаншы, Шолпан сынды 20 елді мекенде "Ауыл- Ел бесігі" жобасы аясында 661 тұрақты және уақытша жұмыс орындары құрылып, 7,7 млрд теңгеге әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған 31, көлік инфрақұрылымен дамытуға бағытталған – 19 жоба іске асырылуда. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобалардың ішінде 13-і – білім беруге, 6-ы – денсаулық сақтауға, 6-ы–спортқа, 6-ы – мәдениетке арналған.
Енді жоғарыда аталған 20 тірек ауылда үстіміздегі жылы "Ауыл – Ел бесігі" жобасы аясында қандай жұмыстардың атқарылатынына жекелеп тоқталсақ. Жалпы, биыл осы тізімге ілінген ауылдардың ішінде аталмыш бағдарлама арқылы ең көп жобасы іске асатын Үржар ауданы болмақ. Алакөлді айнала орын тепкен ауданның Алтыншоқы ауылында 3,8 шақырым көшесі орташа жөндеуден өткізіліп, орта мектеп-балабақша ғимараты күрделі жөндеуден өткізіледі. Ал Үржар ауылындағы өткен жылдан бері өтпелі болып келе жатқан жүзу бассейнінің құрылысы жалғасып, 3,4 шақырымға таяу көшесі орташа жөндеуден өтеді. Мақаншыда спорт модулінің құрылысы жүргізіліп, 4,5 шақырым көшесі жөнделсе, Шолпан ауылындағы Жүзағаш орта мектеп-балабақшасының ғимараты күрделі жөндеуден өтеді. Өстіп, іске асатын жобалар аясында аудан халқы 14 тұрақты, 102 уақытша жұмыс орнымен қамтылмақ.
Бұдан бөлек, бірден үш ауылы тізімге ілінген Катонқарағай және Күршім аудандарында 11 жобадан жүзеге асырылады. Ол қандай жобалар дейсіз бе? Ендеше назар аударыңыз. Катонқарағай ауданының орталығы Үлкен Нарында ауылдық лицей, Ленин атындағы орта мектеп, аудандық орталық аурухана, мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, елді мекен ішінде 5,5 шақырым көше орташа жөндеуден өтеді. Сонымен қатар Катонқарағай ауылында денешынықтыру –сауықтыру кешенінің құрылысы қолға алынып, Рыков атындағы, Ластаев атындағы орта мектептердің ғимараттары күрделі жөндеуден өткізіледі. Аталған ауылда 5,5 шақырым көше орташа жөнделеді. Солдатово ауылында 4,5 шақырым жол қалпына келтіріліп, Астана көшесінің бойындағы көпір орташа жөнделеді.
Осылайша, аталаған ауылдарда 139 жұмыс орны ашылады.
Күршім ауданының орталығы Күршім ауылында 2019 жылдан бері өтпелі болып келе жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасып, Гагарин атындағы №1, Островский атындағы №4 мектептердің ғимараттары күрделі жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, аудандық орталық аурухана ғимаратының ішкі бөлмелері жөнделіп, ауыл ішінде 4,5 шақырым көше жөнделеді. Оңды өзгерістер Марқакөл ауылында да орын алып, мұндағы балабақша, ауылдық аурухана, клуб ғимараттары күрделі жөндеуден өтіп, ауыл ішіндегі 6 шақырым жол қалпына келтіріледі. Осындай жұмыстар Қалжырда да жалғасып, мұнда 4 шақырым көше орташа жөнделсе, ауылдың орта мектебіне қарасты интернат ғимараты күрделі жөндеуден өтеді. Жобалар аясында 94 жұмыс орны ашылады.
Жарма ауданына қарасты Қалбатау мен Әуезов елді мекендерінің биыл оңды өзгерістері орын алатын ауылдар тізбесінде екенін айтып өткен болатынбыз. Аудан орталығы Қалбатауда 1,4 шақырым көше орташа жөнделіп, Абай атындағы көпсалалы мектеп-гимназия ғимараты күрделі жөндеуден өткізіледі. Ал Әуезов кентінде іргетасы қаланған Мәдениет үйінің құрылысы келесі жылға созылып, Бақыршық орта мектебінің ғимараты күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, ауыл ішінде 1,4 шақырым жол орташа жөнделеді. Қолға алынған бес жобаның арқасында аталмыш ауылдарда 58 жұмыс орны ашылады.
Бес жобасымен Ақжар және Тұғыл сияқты екі ауылы тізімге енген Тарбағатайда 50-ден астам уақытша жұмыс орны ашылып, қос елді мекенде 5,8 шақырым ауылішілік жолдар қалпына келтіріледі. Сонымен қатар екі ауылдың Мәдениет үйлері мен Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өткізілмек.
Бұдан бөлек, Абай ауданының орталығы Қарауылда аудандық орталық аурухананың шаруашылық ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, 11 уақытша жұмыс орны қамтамасыз етілсе, Аягөздің Ақтоғай кентіндегі аурухананы күрделі жөндеуден өткізу, денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы мен кент ішіндегі 7 шақырымдық көшенің орташа жөнделуі 68 адамға нәпақа табуға мүмкіндік бермек. Зайсанның Қаратал ауылында 7 шақырым ауыл көшесі орташа жөнделіп, 8 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады. Бородулиха ауылында жалпы ұзындығы 13,8 шақырым жол жөнделсе, Глубокое кентіндегі өткен жылдан бері өтпелі құрылыс болып жалғасып келе жатқан Мәдениет үйінің құрылысы, Көкпектідегі денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыстары жалғасады. Осылайша үш аудан орталығында жалпы саны 104 жұмыс орны қамтамасыз етіледі.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйсек, биыл "Ауыл – ел бесігі" жобасы аясында облыста 50 жоба іске асырылып, 61 адам тұрақты, 600 адамды уақытша жұмыспен қамтылады. Облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының хабарлауынша, бөлінген қаражат ауылдық елді мекендерде өңірлік стандарттарды енгізуге, ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсартуға және оларды экономикалық өсу, сондай-ақ мемлекеттік және әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары ретінде дамытуға арналатын көрінеді.