ШҚО Катонқарағай ауданында 400 жаңа жұмыс орны ашылады

19 Маусым 2020, 16:15
2981
Бөлісу:
ШҚО Катонқарағай ауданында 400 жаңа жұмыс орны ашылады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Катонқарағайда биыл жүзеге асатын 27 жоба аясында 400 жаңа жұмыс орны ашылады.

Бұл туралы аудан әкімі Ренат Құрмамбаев хабарлады. Биыл Катонқарағайда жалпы сомасы 921 миллион теңгені құрайтын 27 жоба іске асырылуда. 

Аудан басшысының айтуынша, "Жұмыспен қамтудың Жол картасы" мемлекеттік бағдарламасы арқылы бұл жобалар аясында Өр Алтайда ауылдарды абаттандыру, көшелерді жөндеу, мектептер мен клубтарды жөндеу жұмыстары қолға алынған.

Бүгінгі таңда аталған жобалар бойынша барлық конкурстық жұмыс өткізіліп, мердігерлер анықталып, жұмыстар толықтай басталған. Осы бағдарламаға сәйкес, биыл Катонқарағай ауданында 400 жаңа жұмыс орнын ашуды көздеп отырмыз. Қазіргі уақытта оның 96 пайызы іске асырылып та қойған, – дейді Ренат Тілеуханұлы.

Жауапты тұлғаның айтуынша, Жұмыспен қамту орталығы арқылы келген аудан тұрғындарының барлығы дерлік жыл соңына дейін тұрақты жұмыспен қамтылған көрінеді. Бұдан бөлек, биыл аудан орталығы Үлкен Нарын ауылындағы 9 жыл бұрын іргесі қаланған "Тәуелсіздік" саябағы қайта қалпына келтіріліп, субұрқақ пен велосипед жолдары салынады.

Мұндағы жаяу жүргіншілер жолдарының тас тақталарын қалың шөп басып кеткен. Бірінші кезекте оларды арамшөптен тазартып, жаңалаймыз. Сонымен қатар, мұнда субұрқақ пен ұлттық нақыштағы шағын архитектуралық мүсіндер орнатамыз. "Бәйтерек" монументінің ар жағындағы Нарын өзенінің жанындағы алаңқайда велосипед, гироскутерлер тебетін аймақ жасауды ұйғардық, - деп қосты Ренат Құрмамбаев.

"Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы бойынша қолға алынған жобаға 50 миллион теңге қаражат қарастырылған.

Жөндеу жұмыстарын 18 мамыр күні бастап кеткен болатынбыз. Барлық жұмысты шілде айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қазір мұнда 20 адам жұмыс істеп жатыр. Оның тоғызы Жұмыспен қамту орталығынан келіп істеуде. Мың шаршы метр жерге плита төсеп, екі мың шаршы метр алаңға асфальт төсейтін боламыз. Жарықтандыру жұмыстарын жүргізіп, "Бәйтерек" монументінің ескірген жерлерін қалпына келтіреміз, – дейді мердігер болып келетін "Строй-Е" ЖШС директоры Жәнібек Елеусізов. 



Өзгелердің жаңалығы