ШҚО-да шетелге астық дақылдары көптеп шығарылмақ

9 Қыркүйек 2019, 21:10
1806
Бөлісу:
ШҚО-да шетелге астық дақылдары көптеп шығарылмақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алдағы уақытта облыстан шетелге экспортқа ет өнімдеріне қарағанда астық дақылдары көптеп шығарылмақ. Өнім, әсіресе, Ресей мен Қытайға экспортталатын болады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі. Бұл туралы  altaynews.kz сайтында хабарланды.


Кеңейтілген аппарат отырысында облыс әкімі Даниал Ахметов Ресейге 133 тонна сүт өнімі шыққаны өте жақсы көрсеткіш екенін айтты.

Жиында тақырыпқа қатысты баяндама жасаған ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Владимир Гайламазянның айтуынша, қазіргі уақытта облыста 424 кәсіпорын шетелге өнім экспорттайды. Соның ішінде 18 кәсіпорын Қытаймен байланыс жасауда. Биыл өңірдің өнімін Ресей, Қытай, Қырғызстан, Иран, Өзбекстан, Австрия, Дания және Еуроодақ елдері көптеп тұтынып отыр.

Мәселен, алғашқы жартыжылдықта ауыл шаруашылығы өнімдерінен 156,3 миллион доллар қаражат келсе, соның 140,7 миллионы тікелей егін шаруашылығы өнімдерінен түскен.

Сондай-ақ 2016 жылдан бері бірінші рет 133 тонна сүт өнімдері (май, сыр, ірімшік) Ресейге саудаланса, 70 тонна қой еті Иранға өткізілген. Алғашқысының түсімі – 395 мың доллар болса, екіншісінен – 453 мың доллар пайда келген.

«Ресейге 133 тонна сүт өнімі шыққаны, бұл өте жақсы көрсеткіш. Мұнымен тоқталып қалмау керек. Сондай-ақ біздегі ауыл шаруашылығы басқармасы мен кәсіпкерлер палатасы Қытайға өнім экспорттауды екі бағытта жүргізуі тиіс. Біріншісі – соя, екіншісі – жүгері дәні. Міне, бізге осы үш блокта жұмыс істеу керек. Жалпы мал басын мыңдап көбейтуге бағытталған шығыны көп жұмыстармен айналысудың қажеті жоқ. Мәселен, Үржар ауданында жүгері мен соя, рапс, бидай егуге барлық қолайлы мүмкіндік бар әрі шекарада да іргеде тұр. Сондықтан, алда ауылшаруашылығынан түсетін негізгі табыс көзін осыларға бағыттау керек», – деген облыс әкімі Даниал Ахметов қалалар мен аудандар әкімдеріне осыған қатысты бір айдың көлемінде арнайы жоспар әзірлеуді тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы