- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Миллиардтаған долларлық Қашаған: Қазақстан әлемдегі ең ірі кен орындарының бірінен қанша табыс тапты?
Миллиардтаған долларлық Қашаған: Қазақстан әлемдегі ең ірі кен орындарының бірінен қанша табыс тапты?
19 Қазан 2026, 17:30
Қазақстан Қашаған кен орнының операторынан 5,2 млрд доллар айыппұл өндіріп алу рәсімін қайта бастады. Сонымен қатар мұнай өндіру көлемі төмендегеніне қарамастан, Солтүстік Каспий жобасынан түскен салық түсімі 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында екі еседен астам өсті. Әлемдегі ең ірі мұнай кен орындарының бірі мемлекетке қанша табыс әкеліп отыр, өндірістік көрсеткіштер қалай өзгеруде және инвесторлармен арадағы дауларға қатысты не белгілі? Бұл мәселелерді BAQ.KZ тілшісі зерделеді.
5,2 млрд долларлық дау: Қашағанға қатысты не болып жатыр?
2026 жылғы 30 қыркүйекте Reuters агенттігі Қазақстанның Қашаған кен орнының операторы – North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясынан 2,3 трлн теңге немесе шамамен 5,2 млрд доллар айыппұл өндіріп алу рәсімін қайта бастағанын хабарлады.
Талап күкіртті сақтау кезінде экологиялық талаптар бұзылды деген болжамға байланысты қойылған. Оператор айыппұлға қарсы шығып отыр. Демек, әзірге сөз Қазақстан бюджетіне түскен қаражат туралы емес, өндіріп алу талаптары туралы болып отыр.
Қашаған кен орны 1997 жылғы 18 қарашада Қазақстан үкіметі мен шетелдік инвесторлар арасында жасалған өнімді бөлу туралы келісім негізінде Солтүстік Каспий жобасы аясында игеріліп жатыр.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, елдегі мұнай өндірудің жалпы көлемінің шамамен 18%-ы осы кен орнына тиесілі.
Қашаған Қазақстанға қанша салық төлейді?
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің BAQ.KZ-ге ұсынған эксклюзив деректеріне сәйкес, 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында Солтүстік Каспий жобасынан түскен салық түсімі 787,3 млрд теңге болған. Ал 2025 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 345,1 млрд теңге болған.
Осылайша, салық түсімі 442,1 млрд теңгеге немесе 128%-ға өскен.
Салыстырмалы түрде айтсақ, 2025 жылдың толық қорытындысы бойынша жоба бюджетке 527,4 млрд теңге төлеген. Демек, 2026 жылдың тоғыз айында түскен салық көлемі өткен жылғы толық көрсеткіштен шамамен 260 млрд теңгеге артық.
Сонымен қатар 2026 жылдың тоғыз айында Қазақстанның бүкіл мұнай-газ секторынан түскен салық түсімі 6,18 трлн теңге болды. Оның 3,41 трлн теңгесі Ұлттық қорға аударылған.
Осылайша, аталған кезеңде Солтүстік Каспий жобасының үлесіне мұнай-газ секторынан түскен салық түсімінің шамамен 12,7%-ы тиесілі болды.
Айта кету керек, Мемлекеттік кірістер комитетінің статистикасы тек Қашағанды ғана емес, Қайран мен Ақтоты кен орындарын да қамтитын бүкіл Солтүстік Каспий жобасына қатысты.
Қашағанда қанша мұнай мен газ өндіріледі?
«ҚазМұнайГаздың» 2025 жылғы жылдық есебіне сәйкес, Қашағанда 17,9 млн тонна мұнай мен конденсат және шамамен 11,7 млрд текше метр газ өндірілген.
«ҚазМұнайГаздың» Солтүстік Каспий жобасындағы үлесі 16,88%. 2025 жылы ұлттық компанияның үлесіне 3,03 млн тонна мұнай мен конденсат тиесілі болған.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша «ҚазМұнайГаздың» Қашағандағы үлесіне тиесілі мұнай мен конденсат өндіру көлемі 1,52 млн тонна болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай өзгермеген.
Ал ұлттық компанияның үлесіне тиесілі газ өндіру көлемі 6,5%-ға қысқарып, 930 млн текше метрге дейін төмендеген.
Мұнай өндіру азайса да, салық түсімі неге өсті?
Салық түсімінің өсуіне қарамастан, Солтүстік Каспий жобасы аясында өндірілген көмірсутек шикізатының жалпы көлемі азайған.
Мемлекеттік кірістер комитетінің Энергетика министрлігіне сілтеме жасап берген мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың сегіз айында 12,2 млн тонна көмірсутек өндірілсе, 2026 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 11,3 млн тонна болған.
Осылайша, өндіру көлемі 900 мың тоннаға яғни 7,4%-ға қысқарған. Мемлекеттік кірістер комитеті мұнай-газ секторының көрсеткіштеріне сыртқы және ішкі факторлар әсер ететінін атап өтті.
Қолда бар деректерге сәйкес, салық түсімдерінің төмендеуіне бірқатар сыртқы және ішкі фактордың жиынтық әсері себеп болды. Олардың қатарында геосаяси жағдайдың өзгеруі, операциялық шығындардың өсуі, сондай-ақ ірі жобаларда өндірістің уақытша тоқтауы бар. Бұл факторлар көмірсутек өндіру және экспорттау көлемінің азаюына тікелей әсер етті, – деп түсіндірді ведомство.
Алайда комитет Солтүстік Каспий жобасынан түсетін салық түсімінің екі еседен астам өсуіне нақты қандай төлемдер әсер еткенін түсіндірмеді.
Сондықтан салық түсімінің артуын кен орнының табыстылығы өсті деп бірден бағалауға болмайды. Мұндай қорытынды жасау үшін төлемдердің құрылымы мен жобаға қатысушылардың қаржылық нәтижелері туралы қосымша мәлімет қажет.
Қазақстан мен инвесторлар арасындағы арбитраж туралы не белгілі?
«PSA» уәкілетті органы BAQ.KZ-ге берген жауабында Солтүстік Каспий жобасына қатысты арбитраждық талқылау жүріп жатқанын растады. Сондай-ақ ведомство Қазақстанның өз экономикалық мүдделерін қорғау үшін келісімде көзделген рәсімдерді пайдаланып отырғанын атап өтті.
Арбитраж тетігіне жүгіну арқылы Қазақстан Республикасы тараптар келіскен Солтүстік Каспий жобасы бойынша өнімді бөлу туралы келісімде көзделген рәсімдер шеңберінде мемлекеттің заңды экономикалық мүдделерін қорғау құқығын іске асырып отыр, – деді «PSA» өкілдері.
Сонымен қатар, ведомство талап сомасын, нақты арбитраждық талқылаудың нысанасын және оның қашан аяқталатынын жарияламады.
Өнімді бөлу туралы келісім аясындағы арбитраж бен 5,2 млрд доллар көлеміндегі экологиялық айыппұлды өндіріп алу рәсімін бір-бірінен ажырату маңызды. «PSA» ұсынған жауапта бұл екі істің бір арбитраждық талқылауға жататынын растайтын мәлімет жоқ.
Қашағанды алда не күтіп тұр?
Энергетика министрлігі Қашағанда екі газ өңдеу зауытын салу жоспарланып отырғанын хабарлады.
Жылына 1 млрд текше метр газ өңдейтін бірінші зауытты 2027 жылы іске қосу жоспарланған. Кәсіпорын жыл сайын 700 млн текше метр тауарлық газ өндіруге тиіс.
Ал жылына 2,5 млрд текше метр газ өңдейтін екінші нысанды 2030 жылы пайдалануға беру көзделген. Оның жобалық қуаты жылына 1,8 млрд текше метр тауарлық газ өндіруге мүмкіндік береді.
Осылайша, екі зауыт іске қосылғаннан кейін тауарлық газ өндірудің қосымша көлемі жылына 2,5 млрд текше метрге жетуге тиіс.
Қашаған кен орнында газ өңдеу бойынша жаңа қуаттарды іске қосу тауарлық газ өндірісін арттыруға және халықты газдандыруды ескере отырып, елдің ішкі нарығының қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деп хабарлады Энергетика министрлігі.
Алайда ведомство зауыттарды салуға жұмсалатын қосымша инвестицияның нақты көлемін атаған жоқ.
Газ өңдеу зауыттарының құрылысы – ұзақ мерзімді әрі көп капиталды қажет ететін жобалар. Оларды іске асыру жобалау, құрылыс, іске қосу-баптау жұмыстары, нысанды пайдалануға беру және жобалық қуатқа кезең-кезеңімен шығу сияқты бірнеше сатыдан тұрады, – деп толықтырды министрлік өкілдері.
Ведомство қосымша инвестиция көлемі тиісті кезеңдер аяқталған сайын нақтыланатынын мәлімдеді.
Қазақстан Қашағаннан қанша табыс тауып отыр?
2026 жылдың тоғыз айында Солтүстік Каспий жобасынан түскен салық түсімі 787,3 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 442,1 млрд теңгеге артық.
Сонымен қатар, сегіз айда көмірсутек өндіру көлемі 900 мың тоннаға азайған. Өндіріс төмендеген жағдайда салық түсімінің өсуіне қандай факторлар әсер еткені ведомство ұсынған жауаптарда жеке түсіндірілмеген.
Салық түсімі – жобаның экономикалық қайтарымының бір бөлігі ғана. Қазақстанның Қашағаннан түсетін толық пайдасын бағалау үшін өнімді бөлу тәртібін, инвестиция көлемін, келісім бойынша мемлекетке тиесілі кірістерді және жобаға қатысушылардың басқа да қаржылық міндеттемелерін ескеру қажет.
Қашаған кен орны – Қазақстан үшін маңызды актив. Кен орнының қоры мол және әлеуеті зор, – деп атап өтті Энергетика министрлігі өкілдері.
Осылайша, Солтүстік Каспий жобасынан түскен салық түсімінің көлемі белгілі болғанымен, қолда бар мәліметтер Қазақстанның Қашағанды игеруден алатын толық қаржылық пайдасын бағалауға жеткіліксіз.
Ең оқылған:
- Республика күніне орай қай өңірлерде халыққа ақша беріледі?
- Маңғыстауда жол апатына түскен араб елдерінен келген туристерге көмек көрсетілді
- Канададағы әскери базада ірі өрт шықты: зардап шеккендер бар
- Алматыда жол бойынан гранаталар мен кесілген мылтық жасырылған орын табылды
- Астанада биік шөптің арасында адасып кеткен екі бала табылды
Сымбат Сатыбалдина