ШҚО-да интернетке қосылмаған 9 елді мекен қалды

26 Ақпан 2019, 09:40
2339
Бөлісу:
ШҚО-да интернетке қосылмаған 9 елді мекен қалды

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстанда тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерін жеңілдету бағытында жұмыстар қызу жүргізілуде. Бүгінгі таңда өңірде 300-ге тарта өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштары ашылып, қызмет алу уақыты 519 сағатқа қысқарды.

«Электронды қызмет көрсету орталықтарының ашылуы тұрғындарға өтініштерді электронды қалыпта беруге жол ашты. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызмет көрсетуде орын алатын жемқорлық фактілерін азайтуға, сондай-ақ қызмет алу уақытын 15 күнге немесе 120 сағатқа қысқартты. «Е-әкімдік» бағдарламасының арқасында құжаттардың қаралу мерзімі 65 күнге немесе 519 сағатқа қысқарды», - дейді ШҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары Марина Гагарина.

Жауапты тұлғаның айтуынша, шалғай орналасқан елді мекендер тұрғындарының мемлекеттік қызмет түрлерін алуына жағдай жасалып, оларда 298 өз-өзіне қызмет көрсету орталығы ашылған. Сонымен қатар, «электронды үкімет» порталын танымал ету мақсатында түрлі әлеуметтік желілерде оны түсіндіру жұмыстары қолға алынған.

«Семей қаласында және Аягөз, Жарма, Катонқарағай, Көкпекті, Күршім, Тарбағатай, Үржар аудандарында орталықтан 150 және одан алыс қашықтықта орналасқан 48 елді мекен таңдап алынды. Қазіргі уақытта олардың 48-і кең жолақты ғаламтор желісіне қосылса, оның жетеуіндегі ғаламтор жылдамдығы секундына 8 мегабит, ал 32-де 4 мегабиттен төмен. Бұдан бөлек, Катонқарағай ауданының Аршаты, Берел, Рахман қайнарлары, Шұбарағаш, Бекалқа, Тарбағатай ауданының Жаңауыл, Жаңаталап, Ахметбұлақ, Үржар ауданының Ақшоқы сияқты 9 елді мекені ғаламтор желісіне мүлдем қосылмаған», - деді аппарат басшысының орынбасары.

Бүгінгі таңда аталған елді мекендердің ғаламторға қосылу нүктелері белгіленіп, жылдамдығы 4 мегабиттен төмен емес ғаламтор желісін тартуға қажетті 103,7 миллион теңге қаржы есептеліп қойған.

Қоса кетсек, өткен жылы өңір бойынша 4,8 миллион мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 3,5 миллионы электронды түрде болған. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 68,2 пайызға жоғары.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Өзгелердің жаңалығы