ШҚО дәрігерлері науқастың трансплантологияға дейінгі өмірін ұзартуға кірісті

3 Сәуір 2019, 16:15
3029
Бөлісу:
ШҚО дәрігерлері науқастың трансплантологияға дейінгі өмірін ұзартуға кірісті
PHOTO
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстан облысы медицина мамандарының біліктілігін көтеруде көш бастап тұрған өңірлердің бірі екені рас. Атап айтсақ, соңғы үш жыл көлемінде мықтап қолға алынған бұл істің нәтижесінде бағдарламаның бірінші кезеңі аяқталды.

Осы уақыт аралығында шетелге шығып біліктілігін арттырған отандық дәрігерлер, ендігі кезекте шетелдік мамандарды Қазақстанға шақырып, шеберлік сағаттарын ала бастады. Осындай кезекті тәжірибе алмасу қазақстандық және ұлыбританиялық мамандар арасында Өскемен қаласындағы Мамандандырылған медициналық орталықта ұйымдастырылды. Шығыс Қазақстан өңірі үшін өзекті дерттің бірі саналатын бауыр циррозына қарсы дәрмен жасайтын мамандар бұл жолы облыста алғаш рет ерекше ота жасады.

«Біз Өскемен қаласына бауыр циррозымен ауыратын науқастарға ота жасау мақсатында келіп отырмыз. Мұндай науқастардың көбінде порталды гипертензия басталып, салдарынан өңештен қан кетіп көз жұмады. Осының алдын алып, пациенттің өмірін ұзарту мақсатында транрегулярлы шунттау сияқты заманауи әдіс қолданылады. Яғни жасанды шунттар орнату арқылы порталды гипертензия болу қаупін азайтады. Мұндай оталарды жасау шетелдерде бірнеше жыл бұрын басталған болатын, Қазақстанға енді келіп жатыр. Елімізде де осыған дейін тек Шымкент қаласында жасалып келген. Өскемен қаласы осындай ерекше ота жасалатын екінші қала болмақ», - деді Шымкент қаласының бірінші клиникалық ауруханасының дәрігер рентгенохирургі Жасұлан Жиренбаев.

ШҚО дәрігерлері науқастың трансплантологияға дейінгі өмірін ұзартуға кірісті

Шығысқазақстандық дәрігерлерге шеберлік сағатын өткізуге келген отандық және шетелдік мамандар бұл жолы бауыр циррозымен ауыратын екі пациентке ота жасап, травматология бойынша ақыл-кеңестерін бермек. Аталмыш оталардың тағы бір ерекшелігі оның қан шығармай жасалуында. Яғни жасанды шунттар мойындағы оң жақ көктамыр арқылы жіберіліп, рентгенскопия құрылғысы арқылы бақыланып отырып қойылады. Маманның айтуынша, мұндай отадан соң ертеңінде-ақ пациенттің өңештен қан кетуі тоқтап, жағдайы жақсара бастайтын көрінеді.

«Соңғы екі күнде Өскемен қаласындағы Облыстық Мамандандарылған медициналық орталықтың жұмыс барысымен, ондағы мамандармен таныс болдым. Бұл орталықтың мамандары трансрегулярлы портожүйелі шунттауды қолға алмақшы көрінеді. Бұл Шығыс Қазақстан өңірі үшін өте маңызды ота деп есептеймін. Өйткені бұл өңірде бауыр циррозымен ауыратын науқастар саны көп», - деді Лондон қаласындағы Кингс госпиталінің инетрвенционды радиологы Dr Praveen Peddu.

Соңғы екі күн ішінде жергілікті мамандармен түрлі шеберлік сағаттарын өткізген ол аталмыш оталарға байланысты ем жасау, асқынулар, нәтижелері сияқты маңызды сәттерді егжей-тегжейлі ақылдасқанын айтады. Осы мақсатта бір күн бұрын осы дертке шалдыққан бес пациентті қараған шетелдік дәрігер жағдайы ауыр екі науқасқа ота жасауды қажет деп тапқан. Жалпы, алдағы уақытта шығысқазақстандық мамандармен әріптестіктің жалғасатынын алға тартқан Dr Praveen Peddu келесі кезекте біздің мамандарды өз университетінде күтетінін айтты.

ШҚО дәрігерлері науқастың трансплантологияға дейінгі өмірін ұзартуға кірісті

Шетелдік мамандар бұл жолы Шығыс Қазақстанға бір ғана саланы мақсат тұтып атбасын бұрған жоқ. Сонымен қатар Ұлыбританияның травматология бойынша Ұлттық орталығының басшысы Dr Prof Kavarhapu да бірнеше күн ішінде жамбас және табан сүйектерінің деформациялануына байланысты науқастарға қабылдау жүргізбек.

«Бүгінгі сапарым ұзақ емес. Дегенмен жұмыс кестесі өте тығыз. Түске дейін политравма және травматология, хирургия бөлімшелерінің жұмыстарымен танысып шықтым. Бұл жолы біз үш бағытты мақсат тұтып келдік. Қазір бірден травматология бөліміне барып пациенттерге қабылдау жүргізбекпін», - деді Dr Prof Kavarhapu.

ШҚО дәрігерлері науқастың трансплантологияға дейінгі өмірін ұзартуға кірісті

«Менің бағытым негізінен нейрохирургия саласы. Өзім Англияда болғанда нейрохирургия саласында жасалатын оталардың көпшілігін біздің дәрігерлердің жасайтынын байқадым. Ал нақты осы тектес оталар бізде жасалмайтынын байқадым. Қазіргі уақытта облысымызда бауыр циррозына шалдыққан 500-ге таяу науқас бар. Олардың барлығы бауыр трансплантологиясын күтіп жатқан адамдар. Көпшілігі ол уақытқа жетпей қайтыс болып кетеді. Осы себепті мұндай отаның біздің облыс үшін өте қажет екенін түсініп, доктор Провинн Педдуды шеберлік сағатын өткізуге шақырдық. Облыс әкімінің және Денсаулық сақтау басқармасы басшылығының қолдауымен бүгін міне шетелдік мамандарды өзімізге шақырып отырмыз. Сондай-ақ, бұл жерге Қазақстанның барлық қалаларынан дәрігерлер жиналып отыр», - деді Семей мемлекеттік университетінің докторанты Жандос Уап.

Науқастардың көпшілігі асқазан тамырларының жарылуынан, я болмаса асциттен көз жұматынын айтқан Жандос Уап аталмыш әдіс арқылы осындай қатердің алды алынатынын алға тартты. Пациент бұдан құлан-таза жазылып кетпесе де оның бауыр трансплантологиясын күтуіне дейінгі өмірі ұзарады. Сондай-ақ, алдағы уақытта мұндай оталар осындай дертке шалдыққан шығысқазақстандықтарға қолжетімді болмақ.

Өзгелердің жаңалығы