«Сервистік полиция» моделінің тиімділігі қандай?

10 Шілде 2023, 14:48
1318
Бөлісу:
«Сервистік полиция» моделінің тиімділігі қандай?
Фото: автордан

Ертіс өңірінде «Полиция қызметінің сервистік моделі» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Пилоттық жоба шеңберінде облыс орталығындағы учаскелік полиция пункттері ірілендіріліп, нысандар заманауи құралдармен жабдықталған. Мамандардың айтуынша, жоба шеңберінде инспекторлардың жұмысына жаңашылдықтар енгізілген. Мәселен, бір учаскелік бекетте бірнеше қызмет түрі көрсетіледі. Тәртіп сақшыларының жұмысы үшін қолайлы жағдайлар жасалған.

Павлодар қалалық полиция басқармасы басшысының бірінші орынбасары Арман Қаптаевтың айтуынша, жобаның тиімділігі зор. Негізгі мақсат – полиция қызметі халыққа жақын болуы керек. Сонымен қатар, қаланың шағын аудандарын қауіпсіз аймаққа айналдыру қажет.

Қызмет көрсету сапасы артты. Мәселен, Усолка және Затон шағын аудандарына қызмет көрсететін заманауи учаскелік пунктте 16 тәртіп сақшысы жұмыс істейді. жоба аясында әкімшілік соттың қызметі оңтайландырылды. Полицей сот отырысын онлайн режимде өткізе алады. Ал бұрын сотталушыны белгіленген орынға жеткізіп, уақыт жұмсайтын. Бүгінде бір учаскелік пунктте лицензияға рұқсат беру, көші-қон, пробация қызметтері көрсетіледі. Адамдар белгілі бір мемлекеттік мекемелерге барып, уақыт жұмсамайды, - дейді Арман Қаптаев.

Усолка шағын ауданында 30 мыңнан астам халық тұрады. Қазіргі уақытта бұл жер ең қауіпсіз аймаққа айналған. Ықшам ауданның халық көп жиналатын қоғамдық орындарының барлығында бейнебақылау камералары орнатылған. 33 құралдың көмегімен полицейлер қылмыс болған жерлерді дереу анықтап, оқиға орнына жете алады.

Жоба шеңберінде полицейлердің жұмысы мен халықты алаңдатқан мәселелер бойынша сауалдама жүргізілді. Нәтижесінде тұрғындар қауіптенетін негізгі мәселелер анықталып, тиісті шаралар қолға алынды.

Павлодарлықтарды есірткі заттарын тарату, тұрғылықты мекенжайы жоқ азаматтардың тұрмысы, қаңғыбас ит-мысықтардың көбеюі, ішімдікті рұқсат етілмеген уақытта сату мәселелері алаңдатаныны анықталды. Нәтижесінде интернет ресурстар арқылы есірткі тарату деректері анықталды. Сонымен қатар, танымал сайттар арқылы жалған хабарлама таратып, тұрғындарды алдау фактілері белгілі болды. Қаңғыбас иттер бойынша 38 рейдтік шара ұйымдастырылып, 43 жануар еріктілерге тапсырылды, - дейді мамандар.

Айта кетейік, осы жылдың алты айында қылмыстық құқықбұзушылықтар 16,2%-ға азайды. өткен жылдың салыстырмалы кезеңінде 2835 дерек тіркелген.

Өзгелердің жаңалығы