Сертификат vs Диплом. Тағы бір өзгеріс болатын секілді

22 Қыркүйек 2022, 13:31
3051
Бөлісу:
Сертификат vs Диплом. Тағы бір өзгеріс болатын секілді

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев Мәжілісте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бүгін ведомство өкілі Мәжілісте «Кәсіптік біліктілік туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіптік біліктілік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын таныстырған болатын. 

Бүгінгі таңда 623 кәсіптік стандарт жұмыс істейді. Олар 2689 мамандықты қамтиды. Оларда белгіленген талаптар негізінде білім беру ұйымдары білім беру бағдарламаларын әзірлейді. Осылайша, жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келетін кадрларды даярлау қамтамасыз етіледі. Заң жобасының маңызды жаңалығы – өз бетінше игерілген дағдыларды, сондай-ақ бейресми және ақпараттық білім беру нәтижелерін тану. Азаматтар тиісті орталықтарда кәсіптік біліктілігінің бар екенін растайтын құжатты ала алады және егер бұл кәсіптік стандартта көзделген болса, бұл құжатты жұмысқа орналасу кезінде білім туралы дипломмен тең пайдалана алады, - деп атап өтті вице-министр.

Айтуынша, заң жобасы біліктілікті тану орталықтарын дамытуға серпін беретінін және қызметкерлерді өмір бойы құзыреттіліктерін жетілдіруге ынталандырады. Заң жобасында кәсіптік біліктіліктерді тану жүргізілетін кәсіптер тізбесін қалыптастыру көзделеді. Осы тізілімді жүргізуді тиісті министрлік – ЕХӘҚМ ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында жүзеге асыру жоспарланып отыр. Ал тізілімге енгізу үшін ұсыныстарды мемлекеттік органдар мен салалық кеңестер енгізетін болады.

Дәрігерлер, қаржы аудиторлары және басқалары сияқты реттелетін мамандықтар бойынша кәсіби қызметті сертификатсыз жүзеге асыру мүмкіндігі шектелетінін атап өткен жөн. Басқа мамандықтар бойынша түлектер мен қызметкерлер жұмыс берушілер тарапынан үлкен сұранысқа ие болу үшін өз біліктіліктерін өз еркімен растай алады, – деп түсіндірді Олжас Ордабаев.

Заң жобасы қызметкерлер мен жұмыс берушілерді кәсітік біліктілікті тану жүйесіне енуді ынталандыру бойынша бірқатар шараларды қамтыған. Мәселен, қызметкерлер үшін түрлі кепілдіктер мен жеңілдіктерді енгізу немесе біліктілікті танудың ваучерлік-модульдік жүйесі.

Заң жобаларын қабылдау азаматтарды біліктілік деңгейін арттыруға және дағдылар мен құзыреттерді дамытуға ынталандыруға мүмкіндік береді. Жұмыс берушілер қызметкерлердің кәсіби жарамдылығын нақты тәуелсіз бағалауды көре алады, өз ұйымындағы еңбек өнімділігін арттырады және білікті мамандарды ала алады, ал қызметкерлер мен жұмыс іздеушілер өз дағдыларына сәйкес келетін лауазымдарды тезірек тауып, табысын арттыра алады, – деді ведомство өкілі.

Өзгелердің жаңалығы