Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Қазақстан Республикасының Сәулетшілер одағы" қоғамдық бірлестігі Алматы қаласында өткен XVII Съезінің қорытындысын жариялады.
Жиын барысында еліміздегі сәулет индустриясын дамытудың басты мәселелері талқыланған. Іс-шараға Сәулетшілер одағының филиалдары мен бастауыш ұйымдарынан 90 делегат қатысты.
Съезд кезінде бірлестіктің жаңа басқарушы құрамы сайланған. Одақтың басшысы лауазымына профессор, Халықаралық Сәулет академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, КСРО және Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі Серік Сұлтанғали тағайындалды. Одақтың жаңа бірінші вице-президенттері - құрметті құрылысшылар Айдар Татығұлов пен Ғабит Садырбаевқа 99 пайызға жуық дауыс берілген. Сонымен қатар, тексеру комиссиясының құрамына Владимир Сидоров, Ержан Ахметов, Қалби Қошқарбаев, Төлетай Жарылғанов кірді.
Басқосуда Қазақстан архитектурасының қазіргі заманғы кезеңі мен болашақ дамуының өзекті мәселелерін қозғаған бірнеше баяндама тыңдалды. Съезде айтылған барлық тақырыптардың басты қорытынды құжаты болып қазіргі проблемаларды қамтитын және Қазақстанның барлық уәкілетті органдары мен ведомстволық ұйымдарына жіберілетін қарар болды.
Құжатта бірнеше негізгі шешімдер ұсынылған:
1. Сәулетшілердің келесі бынын қалыптастыру мақсатында сәулет жобалауда үлкен кәсіби тәжірибесі бар және облыстардың, қалалар мен аудандардың бас сәулетшілерін лауазымға іріктеу кезінде шығармашылық қабілеттерін көрсеткен Қазақстан Сәулетшілер одағы қатарынан кадрлар дайындау процесі жүзеге асырылатын болады;
2. Қалалық және ауылдық аймақтардың сәулеттік келбетін жақсарту үшін сәулеттік конкурстарға бастамашылық ету;
3. Қазақстан аумағында сәулет мұрасын қорғау бойынша белсенді жұмыс жүргізу.
Бұрын біздің елімізде қала құрылысы кеңесі жұмыс істеген. Кез келген ғимараттың құрылысын көлеміне қарамастан, Қазақстан Сәулетшілер одағы жанындағы сәулет қоғамдастығы әрқашан қарастыратын. Одақтың жас мүшелері көп екенін ескере отырып, барлық жаңа технологиялар одақтың бақылауында екенін айтқым келеді. Азаматтар наразы болатын хаотикалық және тығыз құрылысқа жол берілмеуі керек. Біз қала құрылысы кеңесінің шешімдері мен ұсыныстарына қол жеткіземіз және оған сүйенеміз, - деп атап өтті Сәулетшілер одағының президенті Серік Сұлтанғали.
Қарарда көрсетілген іс-қимылдар одақ жұмысынан тыс қалыптастырылған нақты проблемаларды шешуге бағытталатын болады. Сонымен қатар, бірлестік бүкіл елдің сәулет саласының мәртебесін арттыру үшін жұмыс істейді.
Айта кетейік, Қазақстан Сәулетшілер одағы 1936 жылдан бері ұзақ және жемісті даму жолынан өтті. 1992 жылы бұрынғы КСРО Сәулетшілер одағының республикалық ұйымы дербестікке ие болып, «Қазақстан Республикасы Сәулетшілер одағы» деп атала бастады. Осы кезеңде одақ ТМД Сәулетшілер одақтарының халықаралық қауымдастығының (IASA) құрылтайшыларының бірі болды, Халықаралық Сәулетшілер одағының тең құқылы мүшесі.