Бектұрғанов: Медсақтандыру пандемия кезінде адам өмірін құтқаратын «қауіпсіздік жастығына» айналды

14 Тамыз 2021, 14:31
3942
Бөлісу:
Бектұрғанов: Медсақтандыру пандемия кезінде адам өмірін құтқаратын «қауіпсіздік жастығына» айналды
Сұхбат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Неліктен негізінен мемлекеттік медицина ұйымдарында не жас, не егде жастағы дәрігерлер жұмыс істейді? Биыл оңалту шараларына бұрын-соңды болмаған қаражат бөлінгені рас па? Қазақстандағы медициналық сақтандыру жүйесінің барысы, медициналық көмектің сапасы қандай? Осы және өзге сауалдарға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жанындағы Қоғамдық консультативтік кеңес төрағасы Серік Бектұрғанов жауап берді.

- Серік Шыңғысұлы, сіз өткен жылдан бері Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жанындағы Қоғамдық консультативтік кеңесті басқарып келесіз. Бұл құрылым қаншалықты тиімді, әлде формальды құрылым рөлін атқарады ма?

- Біріншіден, Қоғамдық консультативтік кеңестің шешімдері өкім беру емес, ұсынымдық сипатта екенін түсіну қажет. Біздің түпкілікті шешім қабылдауға құқығымыз жоқ, ол Қор басшылығында қалады. Екіншіден, біздің Қоғамдық консультативтік кеңестің мүшелері денсаулық сақтауды басқарудың әртүрлі салаларында және жалпы әлеуметтік салада біліктілігі жоғары адамдар, олар практикалық медицина мамандары, Сенат, Мәжіліс депутаттары, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, зерттеушілер, сарапшылар деп сенімді түрде айта аламын. Олар денсаулық сақтау саласын әр қырынан білетін, өз тәжірибесімен және білімімен бөлісе алатын, сырттай баға бере алатын, міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің жұмысын жақсарту үшін өзінің сындарлы ұсыныстары мен ұсыныстарын бере алатын кәсіби мамандар. Үшіншіден, Қор басшылығы тарапынан (басқарма мүшелері де, құрылымдық бөлімшелердің басшылары да) мен көтерген мәселелерді шешуге үлкен қызығушылық танытып отырғанын атап өту маңызды. Біз Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) жауапкершігінен тыс мәселелерді де жиі талқылаймыз, дауласамыз. Кейде күрделі мәселелерді шешудің тәсілдерін іздестіру қиын, бірінші кезекте зерттеуді қажет ететін негізгі мәселелерді, оның ішінде ӘМСҚ қызметіне қатысты мәселелерді қамтитын бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес қызмет атқарамыз. Десек те, бұл қатып қалған догма емес. Кейде маңызды, өзекті мәселелер туындаған кезде жоспардан алыстап кетеміз. Қордың жұмысы мен бүкіл денсаулық сақтау жүйесін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Алайда мен жоғарыда айтып өткендей, біздің кейбір ұсынысымыз Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметі шегінен асып түсіп жатады. Сондықтан Денсаулық сақтау министріне Қоғамдық консультативтік кеңес отырысында талқыланған бірқатар проблемаға назар аударуды сұрап хат жолдадым.

- Өзіңіз отандық денсаулық сақтау жүйесіндегі жағдайды қалай бағалайсыз? Медициналық сақтандыру жүйесінің жұмысына қатысты әркім әртүрлі пікірде, көпшілік күткен оң өзгерістер байқала ма?

- Әрине, оң өзгерістерді елемеуге болады, бірақ олар бар, яғни оң өзгерістер байқалады. Маңызды жетістік, дәлірек айтқанда, денсаулық сақтауды жақсартудың алғышарты – медицина саласын қаржыландырудың ұлғаюы. Міндетті медициналық сақтандырудың арқасында тегін дәрі-дәрмектерге, үнемі жетіспей жататын ауруханалардың техникалық жабдықталуына, кадрлармен қамтамасыз етуге, жаңа технологияларды енгізуге және басқа да көптеген денсаулық қажеттілігіне қомақты қаржы аударылуда. Бұл қаражат халыққа көрсетілетін медициналық көмектің көлемін ұлғайтуға, пациенттерді қабылдауға, олардың қымбат тексерулерден, зертханалық зерттеулерден өтіп, тегін берілетін дәрі-дәрмектер тізімін көбейтуге мүмкіндік берді, операциялар көп жасалуда, оңалту шаралары жандана басталды. Медициналық сақтандыру қаражаты пандемия кезінде адам өмірін құтқаратын «қауіпсіздік жастығына» айналды. Мамандардың айтуынша, біз 2019 жылы Міндетті медициналық сақтандыруды енгізу бойынша жұмысты қолға ала бастаған кезде, денсаулық сақтау жүйесінің қалыпты жұмыс істеуі үшін шамамен бір жарым трлн теңге жетіспеді. Бұл қаражат денсаулық сақтау объектілерінің жабдықталуын ретке келтіру үшін қажет болды. Көптеген медициналық ұйым күрделі жөндеуді қажет етті және оның үстіне құрал-жабдықтар ескірген. Кейбір аймақта емханалар жеткіліксіз болды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу, әрине, денсаулық сақтау саласының барлық мәселесрін шеше алмайды. Қазір жылдар бойы жинақталған қажеттіліктердің бір бөлігі ғана қамтылуда.

- Денсаулық сақтау саласындағы бюджет тапшылығы туралы айтып өттіңіз, қандай масштаб туралы айтып отырмыз?

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының мәліметтері бойынша 2019 жылдың соңында, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгенге дейін халықтың өз қалтасынан жұмсалатын шығындары 700 млрд теңгеден асқан. Яғни, егер қандай да бір емханада қажетті құрал-жабдықтар немесе маман болмаса, онда науқас медициналық қызметтерді ақылы алуға мәжбүр еді. Бұл – медицина ұйымдарының жеткіліксіз жабдықталуынан, тиісінше денсаулық сақтау жүйесін қаржыландырудың жеткіліксіздігінен. Медициналық көмектің сапасының жақсарғанын сезіну үшін біз азаматтардың денсаулық сақтау жүйесіне көбірек қаражат салуымыз керек. Бұл біз қалағандай жылдам болмаса да, қазірдің өзінде болып жатыр. 2018 жылы сала бюджеті 925 млрд теңгеден сәл асып түсті. Биыл - екі есе көп - 1,8 трлн теңгеден астам. Оның ішінде, жарналар мен аударымдардың арқасында денсаулық сақтау саласына шамамен 700 млрд теңге түсетін болады. Оның 50%-ы жеңілдік санаттары бар азаматтарға арналған мемлекеттік бюджеті. 2020 жылдың 1 қаңтарында МӘМС жүйесі іске қосылғаннан бірден ештеңе түбегейлі және сапалы өзгеріп кетпейтінін атап өткім келеді. Өйткені МӘМС жүйесі енгізілген кезде медициналық мекемелердің, кадр мәселесі, қызметкерлердің жағдайы, ауруханалар мен емханалардың жабдықталуы сол соңғы жылдардағы күйінде еді. Сондықтан азаматтардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізгенде және олардың жеке жарналарын шегергенде бәрі күрт жақсарады деген үміттері ақталмады. Медицинадағы қаражат жетіспеушілігі тарифтердің төмендігіне байланысты орын алады. Тарифтер 2014 жылдан бері өзгермеген, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің жалақысы төмен, мен жоғарыда айтқан материалдық-техникалық жабдықталу проблемалары бар. Сондықтан бүгінгі күні негізінен емханалар мен олардағы мамандар жағдайы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгенге дейін қалай болса, әзірге сол күйінде деуге болады. Ал сақтандырудан түскен қосымша қаражат жалақыны көтеруге және ең жіті тапшылық мәселелерін шешуге жұмсалды. Мысалы өткен жылы денсаулық сақтау бюджеті 1 трлн 734 млрд теңгені құрады, оның 400 млрд теңгесі (жарналар мен аударымдар) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілген медициналық қызметтер ақысын төлеуге жұмсалды. Бұл ретте олардың 300 млрд теңгеге жуығы халықтың 15 жеңілдік санаты бар азаматтары үшін мемлекет бюджетінен төленеді. Яғни, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға кететін шығындардың көп бөлігі әлі де мемлекет есебінен жүргізіледі деуге болады.

- Медициналық көмектің сапасы жақсарып жатыр ма?

- Алдымен бүгінде ӘМСҚ стратегиялық сатып алушы ретінде жеткізушілермен медициналық қызмет көрсетуге келісімшарт жасайтынын, сонымен қатар сапа стандарттарының сақталуын талап ете отырып, олардан бұл аударылатын қаражаттың сұралатынын атап өткен жөн. Медициналық қауымдастық бұл туралы біледі. Азаматтар да білуі тиіс. Қор сақтандыру ұйымы бола отырып, емделушілердің құқықтарын қорғауды өз мойнына алып отыр. Азаматтардың шағымдары мен өтініштерін қарайды. Демек ол азаматтардың мүдделерін қорғайды. Бұрын медициналық қызметтің сапасын мұқият тексеретін мұндай механизм болмаған. Медициналық көмектің қолжетімділік деңгейі де артып келеді. Өткен жылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігі Қормен бірге жекеменшік емханаларды жүйеге тарту және олардың қызмет аясын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізуде. Сондай-ақ медициналық ұйымдар диагностикалық қызметтердің тарифтерін айтарлықтай көтерді. Тағы бір мысал. Емханалық және стационарлық қызмет көрсетуге тарифтер шамамен 2014 жылдан бері өскен жоқ. Осы уақыт ішінде коммуналдық қызметтер қымбаттады, жалақы өсті. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізген кезде бұл проблемалардың барлығы ескерілді. Жағдай жақсарып келеді, бірақ ол халықтың денсаулығына деген қажеттілікті толық қанағаттандыра қойды деуге болмас. Мұның бәрі қаражаттың жетіспеушілігіне келіп тіреледі. Бұл мәселе кез келген салаға әсер етеді.

- Сіз Қостанай облысы әкімінің орынбасары болғанда денсаулық сақтау саласын бақыладыңыз. Егер сіздің сол тәжірибеңіз бен бүгінгі жағдайды салыстыратын болсақ, күн тәртібінен түсіп қалған мәселелер бар ма?

- Қазір көп нәрсе шешімін табуда, мұны назардан тыс қалдыруға болмайды. Жоғары білікті медициналық көмек көрсету қолжетімді болды. Мысалы бүгінде стентинг әдісі әдеттегі медициналық қызмет санатына айналды. Бұған дейін мұндайды армандау да мүмкін емес еді. Қазір Қазақстанда шунттау, протездеу, ағзаларды трансплантациялау, т.б. секілді жоғары сапалы түрлі оталар жасалады. Әсіресе, биыл оңалту шаралары үшін бұрын-соңды болмаған қаражат бөлінгені қуантады. Балалар, оның ішінде церебральды сал ауруы мен басқа аурулары бар балалар оңалтудан, инфарктен кейінгі оңалтудан, ковидтен кейінгі оңалтудан, т.б. өте алады. Соңғы жылдары емханаларды заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтауға қомақты қаражат бөлінді. Бұл дәрігерлер үшін де, азаматтар үшін де өте маңызды. Көп нәрсе жасалуда. Жақсы қарқынмен келе жатырмыз. Дегенмен кейбіреулер оны байқамауы мүмкін, өйткені олар бәріне бірден қол жеткізгілері келеді.

- Иә, қалаларда медицина ұйымдарының заманауи құралдармен жабдықталу деңгейі айтарлықтай өсті. Ауыл медицинаның ахуалы қандай?

- Шамамен 8 жыл бұрын, біз алғашқы жылжымалы медициналық кешен пайда болып, облыс аудандарын аралаған кезде қуандық. Ал бүгінде орталық облыстық ауруханалар осындай жылжымалы медициналық кешенмен жабдықталған. Медициналық қызметтер біртіндеп тұрғындарға қолжетімді бола түсуде. Ауылдық денсаулық сақтау саласы да заманауи қондырғылармен жабдықталуда. Тек шешімін тапппай келе жатқан мәселе - кадр мәселесі. Әсіресе анестезиолог-реаниматолог, т.б. сияқты сирек мамандық иелері тапшы. Ал бұл өз кезегінде халыққа қызмет көрсету сапасына әсер етеді. Көріп отырғандарыңыздай, зейнеткер-дәрігерлер жұмыстарын жалғастыруда. Негізінен мемлекеттік медицина ұйымдарында не жас, не егде жастағы дәрігерлер жұмыс істейді, ал орта жас деңгейіндегі (35-45 жас) медицина қызметкерлері мемлекеттік емханаларда аз. Әкімдіктер көтерме ақы төлеу, тұрғын үй мәселесін шешу, еңбек жағдайын жақсарту, т.с.с. жас дәрігерлерді ынталандыру үшін қосымша шаралар қабылдауда. Бірақ дәрігерлер санын көбейту арқылы олардың жүктемелерін азайтудың ауылы әлі алыс деуге болады.

- Тұрғындар әлі де кезек бар, әлі де барлық қызмет көрсетілмейді деп шағымданып жатады. Әрине, кез келген реформа, әсіресе мұндай ауқымды реформа өз жемісін беру үшін уақыт қажет. Қалай ойлайсыз, қарапайым адам қашан елеулі өзгерістерді көре алады?

- Менің ойымша, қарапайым адам оларды түсінбейді. Себебі олар қазіргідей біртіндеп жүзеге асады. Біздер бірден медициналық қызмет көрсетудің жаңа деңгейіне ұмтыламыз және үнемі медициналық қызмет сапасын арттыруды талап етеміз. Бірақ жағдай жылдан жылға жақсарып келе жатқанын ескергіміз келмейді.

- Қазіргі жағдайды ескере отырып, Қоғамдық консультативтік кеңес қазір Қор алдына қандай міндеттер қояды?

- Проблемалар аз емес, әрине, бірақ алдымен бірінші кезектегі мәселелер шешілуі тиіс. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға медицина ұйымдарын тарту үшін бірқатар медицина қызметін көрсету тарифтерін көтеру мәселелері талқылануда. Кеңес мүшелері медициналық ұйымдарды тексеру тақырыбын жиі көтереді. Өйткені медициналық көмек көрсетудің сапасын жақсарту - Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басты бағыттарының бірі. Сондай-ақ бізді қолда бар қаржының ұтымды пайдаланылуы да алаңдатады. Біз аурухананы алмастыратын көмек көлемін ұлғайту міндетін күн тәртібінен алып тастамаймыз. Бұдан медициналық көмектің басқа түрлерін алға жылжыту және қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін қаражат босайды. Жоғарыда айтқанымдай, Қоғамдық консультативтік кеңес те, Қор басшылығы да отандық медицинаның сапалы әрі қолжетімді болуына мүдделі. Қор да біздің айтқандарымызды, ұсыныстарымызды ескереді деп сенемін.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Өзгелердің жаңалығы