Қазақстан мен Сербия сыбайлас жемқорлыққа қарсы кездесу өткізді

7 Қыркүйек 2020, 16:42
1389
Бөлісу:
Қазақстан мен Сербия сыбайлас жемқорлыққа қарсы кездесу өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен Қазақстан мен Сербияның жемқорлыққа қарсы ведомство басшылары Алик Шпекбаев пен Драган Секимичтің онлайн кездесуі өтті. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту, жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды (whistleblowing) қорғаудың кешенді жүйесін қалыптастыру, мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары үшін шетелдік юрисдикциялардағы активтерді иеленуге тыйым салу тақырыптарын талқылады. Сонымен қатар  құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, судьяларды, пара берушілер мен парақорлықтағы делдалдарды жемқорлық қылмыстары үшін жазаны қатаңдату бөлігінде Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларды іске асыру да сөз болды. Біз қоғамдық сұранысқа жауап бере отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту, заң үстемдігін нығайту және адам құқықтарын қорғау бойынша жұмыстар атқарудамыз, - деді Алик Шпекбаев.

Сербияның жемқорлыққа қарсы ведомство басшысы Қазақстанның тәжірибесін жоғары бағалады.

Бүгінгі кездесу жаңа жемісті және ұтымды серіктестіктің бастауы болады деп үміттенемін. Біз өз тәжірибемізбен және білімімізбен бөлісуге қуаныштымыз, - деді Драган Секимич. 

Сербияның «хабаршыларды қорғаудың алтын стандарты» ерекше назар аударуға тұрарлық. Бұл жеке Заңмен реттелетін жүйе, онда физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жұмыс орнындағы кемсітушілікті болдырмау және сыбайлас жемқорлық фактілерін үш сатылы хабарлау қамтылады. Хабарлаушылар 10 жылға дейін мемлекеттің қамқорлығында бола отырып, одан әрі қудалаудан қорықпай уәкілетті органдарға, БАҚ-қа және қоғамдық ұйымдарға жүгіне алады, - делінген агенттік хабарламасында.

Сербия лоббистік қызметті реттеу туралы заң қабылдаған елдердің бірі. Оның ішінде, оқыту, емтихан тапсыру және сертификаттау кезеңдері реттелген. Лоббилендіру туралы заңнама Мемлекеттік басқару органдарының ашықтығын арттыру арқылы қоғамдық мүдделерді қорғайды, лоббистердің адалдығы мен жауапкершілігін тиісті ережелер арқылы нығайтады.

Кездесу соңында тараптар тәжірибе алмасуға дайын екендіктерін білдіріп, бірқатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалар мен жобаларды бірлесіп іске асыру туралы уағдаласты.

Өзгелердің жаңалығы