Сенім ұлтты алға сүйреуші күш – Уайс Ерсайынұлы

11 Шілде 2021, 17:12
2940
Бөлісу:
Сенім ұлтты алға сүйреуші күш – Уайс Ерсайынұлы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ротация тәртібімен Президент жанындағы Ұлттық Қоғамдық Кеңес мүшелігіне қабылдандым. Бұл ең алдымен, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының артқан зор сенімі деп есептеймін, деп жазды Уайс Ерсайынұлы Facebook-тегі парақшасында.

Бұл - халық тарапынан білдірілген үлкен қолдау деп білемін. Осы орайда, қабілет-қарымымызды бағалап, Ұлттық Кеңестей алқалы органға шақырып отырған Президентке, бағыт-бағдар көрсетіп, қолдаушы аға-іні, апа-қарындастарымызға алғысымды айтқалы отырмын! Президент сенімі мен халық қолдауы қосылып, үлкен жауапкершілік жүгін артады. Ол жауапкершілік - қалт-құлт еткен сәбидей аяғын жаңа басқан балаң қоғамымызды ауыздыға алдырмай, аяқтыға шалдырмай, саналы қоғам орнату. Осы жолда, менің түсінігімше, бізге үш нәрсе ауадай қажет. Олар: білім, сенім, бірлік, - деп жазды ол.

Әуелі білімді жұрт өнерлі болады, дүниенің барлық сырын меңгермек. Дүниенің әр сырын меңгерген халық жұрттың алды болмақ. Бірақ, жалғыз білім жеткіліксіз.
Екінші, сенім ұлтты алға сүйреуші күш, қоғамның әр мүшесі бір-біріне қалтқысыз, құлтасыз, арам ойсыз сенгенде барып, ақжүрек ұлт қалыптастыра аламыз. Әке мен бала, ана мен қыз, аға мен іні бір-біріне сенбейтін қоғамның болашағы бұлдыр.

Үшінші, осының бәрін тұтастырып, ұйыстырып ұстап тұратын қалып - бірлік. Ынтымағы жоқ елге, алға ұмтылғанның аяғынан шалатын алтыбақан алауыз, дауға үйір, бір-біріне қасқырша шапқан жұртқа жау да үйір келеді, сол себепті, еңбектеген нәрестесінен еңкейген қартына дейін біліммен қаруланып, сеніммен жарақтанып, бірлікпен бір жұдырықтай жұмылғанда ғана саналы өркениетті қоғам құрарымыз хақ.Осы қоғамды бірге құрайық!, - деп жазды Уайс Ерсайынұлы.

Өзгелердің жаңалығы