Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен Бюро отырысы болды. Онда Палатаның алдағы отырысының күн тәртібі бекітілді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Депутаттар Палатаның кезекті отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік және мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарауды жоспарлап отыр.
Заң жобасы ұжымдық ұйымдар қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға және отандық тауар өндірушілердің қызмет аясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Құжат сондай-ақ мемлекет кепілдік берген заң көмегіне құқығы бар тұлғалар тобын кеңейтуді көздейді.
Бюро мүшелері сонымен қатар Мәжілісте бұрын мақұлданған заң жобалары бойынша жұмысты одан әрі жалғастыру үшін Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөліп берді.