Сенатта тұрғын үй саясатын реформалау туралы заң қаралады

14 Қазан 2024, 16:46
317
Бөлісу:
Сенатта тұрғын үй саясатын реформалау туралы заң қаралады
Фото: сенат

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Онда депутаттар 17 қазанда болатын Сенат отырысының күн тәртібін бекітті және Палатаның іс-шаралар жоспарын іске асыру аясындағы міндеттерді талқылады.

Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев алдымен өткен аптада ұйымдастырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының XXII отырысы мен І Жас діни лидерлер форумын қорытындылады. Сенат Төрағасы аталған іс-шаралар барысында айтылған ұсыныстар мен идеялардың маңызына назар аударып, оның бәрі 2025 жылғы 17-18 қыркүйекте Астанада өтетін «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбына арналған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Съезінің панельдік сессияларында ескерілетінін тілге тиек етті.

Сонымен қатар сенаторлар Палатаның іс-шаралар жоспарына сәйкес осы аптада өткізілетін көшпелі отырыстардың күн тәртібін талқылады. Нақты айтқанда, Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде мемлекеттік қызметті жетілдіру, қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуды заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылды күшейту, сондай-ақ, шаруаларды жанар жағармаймен және минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мәселелері бойынша депутаттардың алдағы жұмысы сөз болды.

Бекітілген күн тәртібіне сәйкес сенаторлар алдағы бейсенбіде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарайды. Құжат тұрғын үй қатынастары саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруді көздейді.

Заң коммуналдық тұрғын үй қорынан мұқтаж адамдарға тұрғын үй беру немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру, тұрғын үйге жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау және тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған тағы басқа мемлекеттік қолдау шараларын белгілейді.

Сондай-ақ Бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен заңдар жұмыс үшін тұрақты Комитеттерге бөлініп берілді.

Өзгелердің жаңалығы