Сенатта Қазақстан мен Қытай арасындағы азаматтық авиация туралы заң мақұлданды

12 Қаңтар 2023, 13:48
971
Бөлісу:
Сенатта Қазақстан мен Қытай арасындағы азаматтық авиация туралы заң мақұлданды

Бүгін өткен Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айта кетерлігі, заң екі елдің азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға арналған. Осы құжат арқылы азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздеу және құтқару мәселелері реттеледі. Келісімді ратификациялау екі елдің азаматтық ұшақтарды іздеу және құтқару кезіндегі бірлескен іс-қимылдарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Келісімге сәйкес тараптар іздестіру-құтқару операцияларын (теңіздегі іздестіру-құтқару операцияларын қоспағанда) ұйымдастыруды және орындауды жүзеге асыратын болады.

Тараптар өздерінің жауапкершілік аймағында іздестіру-құтқару операцияларын жүзеге асыру кезінде туындайтын шығыстарды дербес көтеретін болады. Келісім шеңберінде өз мемлекеттерінің құзыретті органдары мен іздеу және құтқару қызметтері арасындағы ынтымақтастықты нығайту көзделеді. Мұндай ынтымақтастыққа іздеу және құтқару бойынша бірлескен оқу-жаттығулар, мемлекетаралық байланыс арналарын жүйелі түрде тексеру, іздестіру және құтқару жөніндегі сарапшылардың өзара сапарлары, іздестіру-құтқару ақпараты мен тәжірибе алмасу кіреді, - деп атап өтті Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті төрағасы Дәурен Әділбеков. 

Заңда Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасын және ұшу ақпаратының іргелес аудандары арасындағы шекараны олар жауапты болатын іздестіру және құтқару аудандары арасындағы шекара ретінде қарайтыны белгіленеді. Бұл ретте, іздестіру және құтқару аудандары арасындағы шекаралардың аражігін ажырату Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасын өзгертпейді немесе жоймайды және оған ешқандай әсер етпейді.

Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының аумағында, сондай-ақ ұшу ақпаратының іргелес аудандарында барлық іздестіру-құтқару операциялары тиісінше Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Бұдан басқа, әрбір Тарап өз ауданында азаматтық әуе кемелерін іздеу және құтқару қызметтерінің болуын және олардың тәулік бойы кезекшілігін қамтамасыз етеді.  

Өзгелердің жаңалығы