Сенатта қант саласының мәселелері мен даму келешегі талқыланды

19 Ақпан 2025, 15:31
214
Бөлісу:
Сенатта қант саласының мәселелері мен даму келешегі талқыланды
Фото: Сенат

Қазақстанда қант өнеркәсібі бірқатар күрделі қиындықтарға тап болып отыр. Ішкі нарық импортқа тәуелді күйінде қалып, отандық зауыттар тиімділіктің төмендігі мен технологиялық артта қалуына байланысты өз әлеуетін толық пайдалана алмай келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары мен тиісті мемлекеттік органдардың қатысуымен өткен кездесуде осы және өзге де мәселелер қаралды.

Сенат комитетінің төрағасы Әли Бектаев қантпен қамтамасыз ету мәселесі тек азық-түлік қауіпсіздігі ғана емес, тұтастай ауыл шаруашылығына әсер ететінін атап өтті.

Бүгінде елімізде төрт қант зауыты жұмыс істейді, олар 8,7 мың тонна қант қызылшасы мен 2,4 мың тонна қамыс қантын өңдейді. Алайда, кәсіпорындардың технологиялық көнеруі және Ресей мен Беларусьтен келетін арзан импорттың басымдығы саланы тоқыратып отыр. Қазақстанның қант нарығындағы импортқа тәуелділік осындай ахуалға байланысты ұзақ жылдар бойы қалыптасты, – деді сенатор.

Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ербол Тасжүреков отырыста сөз алып, қант қызылшасының өнімділігін арттыру және аграрлық секторды жаңғырту бойынша кешенді шаралар туралы баяндады. Ол фермерлерді қолдау мақсатында заманауи суару жүйелерін енгізу шаралары кеңінен қолға алынып жатқанын, бұл ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мүмкіндігін арттыратынын айтты. Сондай-ақ, шаруашылықтарды заманауи техникамен жабдықтау, сервистік-дайындау орталықтарын дамыту және ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге мемлекеттік қолдауды күшейту бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Сауда және интеграция министрінің орынбасары Айжан Бижанова отырыста қант нарығындағы жағдайға талдау жасап, бағаны тұрақтандыру бойынша мемлекет қабылдап отырған шаралар туралы баяндады. Ол жыл сайын кедендік баж салығы салынбай 300 мың тонна көлемінде қант шикізатын әкелуге квота бекітілетінін атап өтті. Алайда, 2024 жылы бұл көлемнің тек 30%-ы ғана игерілген, оның басты себептері – қамыс шикізатының жоғары құны мен ЕАЭО елдеріндегі өндірушілер тарапынан бағаның демпингке ұшырауы болды.

Кездесу барысында отандық қант зауыттарын қолдау, ішкі өндірісті ынталандыру, қанттың ең төменгі көтерме бағасын белгілеу және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, қант қызылшасының өнімділігін арттыру және импорттық қамыс шикізатына тәуелділікті төмендету үшін қандай қадамдар жасау қажеттігі көтерілді.

Сенаторлар талқылау қорытындысы бойынша 2026 жылға дейінгі қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Кездесуге қатысушылар отандық өндірісті қолдауға және нарықтың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шешімдерді әзірлеу жұмысын жалғастыруға уағдаласты.

Өзгелердің жаңалығы