Бұл туралы бүгін өткен Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Келісімшарт екі мемлекеттің бірлескен іс-қималдары арқылы төтенше жағдайлардың алдын алу және сондай жағдайлардың салдарын жоюға бағытталған. Сондай-ақ заң жобасының мақсаты – саладағы мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайту.
Келісімшарт арқылы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою үшін тараптардың өзара іс-қимылдарына құқықтық негіз беру. Келісімде көмек көрсету мәселелерін және олардың түрлерін, көмек көрсету жөніндегі топтардың мемлекеттік шекарадан өту шарттарын және олардың сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағында болу режимін, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін басқа да мәселелерді реттейтін нормалар көзделген, - деп атап өтті заң жобасы туралы баяндама жасаған сенатор Дана Нұржігіт.
Белгілі болғандай, келісім екі ел арасындағы төтенше жағдайлардың алдын алу болдырмау және зардаптарды жою жөніндегі іс-қимылды анықтайды.
Атап айтсақ, техногендік, экологиялық, өнеркәсіптік авариялар, табиғи апаттар мен дүлей зілзалалар, қоршаған ортаның ластануы салдарынан екі елдің халқына төнген қауіп-қатердің алдын алу, өз-ара көрсетілетін көмектердің түрлері, тараптардың мемлекеттік шекараны кесіп өту шарттары, төтенше жағдай аумағында техникалық-материалдарды әкелу, алып кету, гуманитарлық көмек көрсету, әуе кемелерін пайдалану, шығыстарды өтеу мәселелері қарастырылған, - деді депутат Ғалиасқар Сарыбаев.
Сонымен қатар алғашқы медициналық көмек көрсету, ғылыми-техникалық ақпарат және тәжірибе алмасу, мамандар даярлауды көздейді.
Заң жобасын қабылдау экономика, экология саласында шекаралық аудандарға өте тиімді және төтенше жағдайлардың алдын-алу, зардаптарды жою бойынша атқарылытын нақты іс-шаралар мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтады.
Сенаторлар заң жобасын бірауыздан қабылдады.