Сенатта мопедтерді пайдалану туралы заң қаралды

10 Қыркүйек 2024, 19:44
301
Бөлісу:
Сенатта мопедтерді пайдалану туралы заң қаралды
Фото: сенат

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыс өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Онда көлік құралдарының қозғалысы және жолда жүру қауіпсіздігін цифрландыруға қатысты заңдар талқыланды.

Құжаттар көлік құралдарының жекелеген түрлерінің, оның ішінде мопедтердің қозғалысын ұйымдастыру және Қазақстан аумағында жол қауіпсіздігін цифрландыру саласында туындайтын мәселелерді құқықтық реттеуді қамтамасыз етуді көздейді.

«Жол жүрісі туралы» заңға «орташа жылдамдық» ұғымы енгізіледі және оны есептеу тәртібі өзгереді. Нақтырақ айтқанда, жалпыға бірдей пайдаланатын халықаралық және республикалық маңызы бар жолдар учаскесінің ұзындығын көліктің жүріп өткен жолдағы уақытқа бөлу арқылы айқындалатын болады.

Сонымен қатар мопедтерді мемлекеттік тіркеу міндеті де енгізіледі. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жобалық жылдамдығы сағатына елу шақырымнан асатын мопедтер ғана тіркеуге жататын еді, енді барлық мопедтер тіркеуден өтетін болады. Оған қоса, ережеге «А1» кіші санатындағы жүргізуші куәлігімен мопедті басқару құқығы расталатын түзету енгізу көзделіп отыр, сонымен қатар «А» және «В» санаттарының болуы да мопедті басқару құқығын растайтын болады.

Сенаторлардың пікірінше, осы жаңалықтар жолдағы жүріс қауіпсіздігін жақсартуға, мопедтерді пайдалану құқығын реттеуді қамтамасыз етуге, жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы