Сенатта квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу мәселелері талқыланды

25 Мамыр 2021, 15:40
3388
Бөлісу:
Сенатта квазимемлекеттік сектор субъектілерінің  сатып алу мәселелері талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенатта Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысы болды, онда депутаттар квазимемлекеттік сектордың сатып алуын реттеу мәселелерін талқылады.

Сенаторлар «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын қарады.

Құжаттар сатып алу саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Ол үшін заң жобасында сатып алуды жүзеге асыру ұстанымдары мен тәсілдері, сатып алуға қатысуға байланысты шектеулер, сатып алуды жоспарлау қағидалары және әлеуетті өнім жеткізушілерге біліктілік талаптары белгіленеді. Одан басқа, сатып алу туралы заңнаманың сақталуын бақылау және тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдастырушының, тендерлік комиссияның және басқалардың іс-әрекеті мен шешімдеріне шағымдану мәселелері белгіленді.

Әлеуеттік өнім жеткізушіден алынған жалған ақпараттың, сондай-ақ сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімін қалыптастыру зардаптарын реттейтін ережелер енгізіледі. Орталықтандырылған сатып алуды бақылау қызметі мен құзыретті саладағы уәкілетті орган өз кезегінде квазимемлекеттік сектордағы жекелеген субъектілердің сатып алу туралы заңнама талаптарын сақтауына бақылау жүргізетін болады, - деп атап өтті сенатор Ерік Сұлтанов.

Сенаторлардың айтуынша, заң жобаларын қабылдау сатып алу жүйесінің тиімді жұмыс істеуіне, сондай-ақ рәсімдердің ашықтығын арттыруға және сыбайлас жемқорлық қаупін азайтуға ықпал етуі тиіс.


Өзгелердің жаңалығы