Сенатта химия өнеркәсібін дамыту мәселелері талқыланды

24 Желтоқсан 2021, 15:31
1121
Бөлісу:
Сенатта химия өнеркәсібін дамыту мәселелері талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында депутаттар отандық химия өнеркәсібін дамытудың келешегіне қатысты мәселелерді талқылады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Комитет хатшысы Ерік Сұлтанов отырыс барысында химия өнеркәсібі Қазақстанның басымдыққа ие әрі стратегиялық маңызды салаларының бірі екенін атап өтті. Сенатор сондай-ақ оның әлеуеті өте жоғары екенін және дамыған сала отандық экономиканың негізгі драйверіне айналуы мүмкін екенін жеткізді.

Сенаторлар сондай-ақ өткен жылдың күзінде өткен «Еліміздің кіріс әкелетін саласы ретіндегі химия өнеркәсібін дамытудың ағымдағы жай-күйі және перспективалары туралы» тақырыбына арналған дөңгелек үстел қорытындысы бойынша Үкімет атына тиісті ұсынымдар жіберілгенін хабарлады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Марат Қарабаев өз кезегінде оларды іске асыру барысы туралы айтып берді.

Сенат депутаттары сонымен қатар Жамбыл облысы әкімі орынбасарының өңірдегі химия өнеркәсібін дамыту нәтижелері туралы баяндамасын тыңдады. Саланың облыс өнеркәсібіндегі үлесі бүгінде шамамен 33%-ды құрайды. Ал инвестиция көлемі 28,5 млрд теңгеден асады.

Кеңейтілген отырысқа ұлттық экономика, экология, геология және табиғи ресурстар, ауыл шаруашылығы министрліктерінің, сондай-ақ Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Түркістан және Павлодар облыстары әкімдіктерінің өкілдері қатысты.

 

 

Өзгелердің жаңалығы