Сенатта ауылдық аумақтарды дамыту мәселелері талқыланды

2 Ақпан 2024, 19:49
499
Бөлісу:
Сенатта ауылдық аумақтарды дамыту мәселелері талқыланды
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары ұлттық экономика және ауыл шаруашылығы министрліктерінің, сондай-ақ Ұлттық статистика бюросының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сенаторлар «Демографиялық ерекшеліктерді ескере отырып еліміздің ауылдық аймақтарын дамыту» тақырыбы бойынша өткен кездесу барысында ауыл халқы барлық уақытта қалаға қарағанда едәуір көп болғанын атап өтті. Алайда бүгінде жағдай өзгеріп келеді. Қазіргі кезде елімізде қала және ауыл тұрғындарының табысындағы айырмашылық жоғары екені байқалып отыр.

Айырмашылықтың негізгі себебі еңбек сипатына байланысты. Статистикалық ақпараттарды негізге алатын болсақ, өзін-өзі жұмыспен қамтудан түсетін табыс үлесінің салмағы қала тұрғындарына қарағанда ауылдық жерлерде жоғары. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың басым бөлігі жеткілікті табыс ала алмайды және олардың 49,5%-ы айына 100 мың теңгеден аз табыс табады, олардың ішінде 3,4%-ның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен де төмен. Ірі қалалардан шалғайдағы ауылдық аумақтардағы автомобиль жолдарының жыл сайынғы сапасының төмендеуі, халықтың орталықтандырылған ауыз суға, интернет-коммуникацияға қол жеткізе алмауы мен мәдени орындар деңгейі, және т.б. мәселелер ауылды аумақтарға тартымдылықты одан сайын төмендетуде, - деді Руслан Рүстемов.

Кездесуге қатысушылар ауылдық аумақтарды дамыту, білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй және көлік инфрақұрылымы мәселелерін талқылады.

Ұлттық экономика министрлігі өкілінің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен бәсекелестік артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін ашуға бағытталған ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы іске асуда. Жалпы алғанда, тұжырымдама әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға, ауылдық елді мекендерде кең жолақты интернетке қол жеткізудің техникалық мүмкіндіктерін пайдалануға бағытталған.

Бұл кездесу «Демографиялық өсу – ұлттың бәсекелестік артықшылықтарының негізі» тақырыбына арналған Үкімет сағатына дайындық аясында ұйымдастырылды.

Өзгелердің жаңалығы