Сенатта әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі өзгерістер талқыланды

21 Маусым 2022, 17:51
1233
Бөлісу:
Сенатта әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі өзгерістер  талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыс өткізді. Онда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар, сондай-ақ әскери қызмет өткеру тәртібін жетілдіруге қатысты заң жобасын талқылады.

Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасын іске асыру, әкімшілік жауапкершілікті енгізумен қатар байланыс және интернет қызметі саласында тұтынушылардың құқықтарын тиімді қорғауды қалыптастыру мақсатында әзірленді.

Ал «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру, құқық қорғау органдары, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің және әскери қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуы мен жауаптылығын арттыру, ведомствоаралық үйлестіру, ішкі істер органдарының дербестігі, жекелеген қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықты күшейту және қару айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы негізгі 2 бөлікке бөлінді.

Бірінші блокта кадрлық қамтамасыз ету, әскери қызметті өткеру және әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы түзетулер көзделіп отыр. Екіншісі қару айналымы саласын заңнамалық реттеуге, полицейлердің құқықтық қорғалуын арттыруға, күш құрылымдарының дербестігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Сенаторлар комитеттің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша заң жобасын Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.

Өзгелердің жаңалығы