Сенатта Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер қаралды

Кеше, 16:22
180
Бөлісу:
Сенатта Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер қаралды
Фото: сенат

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыс өткізді. Онда әкімшілік құқық бұзушылықтар және мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша заңдар қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңға жаңа әкімшілік жазаның түрі – қоғамдық жұмыс енгізіледі. Бұл жаза қылмыстық жазалауға ұқсас тетік бойынша жүзеге асады, яғни қоғамдық пайдалы жұмысты жергілікті органдардың бақылауымен атқару көзделген. Онда ӘҚБтК-нің 11 бабына сәйкес ұсақ құқық бұзушылықтар бойынша жазаны қолдану мүмкін болып отыр. Қоғамдық жұмыстарды енгізу мен заңнаманы жаңарту құқық бұзушылықтар санын азайтуға, сот әділдігінің тиімділігін арттыруға және құқық бұзушылардың әлеуметтік мәртебесін ескеруге бағытталған.

Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң Конституциялық Соттың құқықтық шешімдерін іске асыруға бағытталған. Атап айтқанда, белгілі бір санаттағы азаматтарға мемлекеттік қызметке тұруға қойылған мерзімсіз тыйымдарды жою қарастырылған. Құжатта әкімшілік, тәртіптік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматтарға шектеу мерзімдері белгіленіп, сыбайлас жемқорлық пен ауыр қылмыс жасағандарға мерзімсіз тыйым салу сақталады.

Депутаттар кеңейтілген отырыстың қорытындысы бойынша заңдарды Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.

Өзгелердің жаңалығы