Сенаторлар жерді пайдалану туралы заңды қарады

15 Ақпан 2023, 20:05
1451
Бөлісу:
Сенаторлар жерді пайдалану туралы заңды қарады

Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің кеңейтілген отырысы болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Онда сенаторлар «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады.

Заңның негізгі мақсаты – жер туралы заңнаманың жекелеген ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті белгілеу және жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдарға әкімшілік істерді қарау және тиісті жазалар қолдану жөніндегі өкілеттік беру болып табылады. 

Заң осылайша жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау жөніндегі функцияларды әкімдіктердің құзыретінен алып ауыл шаруашылығы министрлігіне қайтарады. 

Сонымен қатар «Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес келтіру үшін және геодезиялық пункттерді сақтау мақсатында жергілікті атқарушы органдарға тиісті әкімшілік істерді қарау жөніндегі өкілеттіктер беріледі.

Заңмен енгізілетін өзгерістер мақсаты бойынша пайдаланылмайтын не заңнаманы бұза отырып пайдаланылатын ауыл шаруашылығы жерлерін, оның ішінде мал жайылымының тапшылығын сезініп отырған ауыл халқына жайылымдарды қайтару жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындаудағы лауазымды адамдардың қызметіне қарқын беретін болады.

Заңды қарау қорытындысы бойынша оны Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылданды.

Өзгелердің жаңалығы