Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенаторлар Бекболат Орынбеков пен Абдалы Нұралиев Жамбыл облысына сапар барысында өңірдегі елді мекендерге газ жеткізу және әлеуметтік саладағы мәселелерді талқылады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Олар Ақкөл ауылында ақсақалдармен кездесіп, елді мекеннің даму болашағы туралы пікір алмасты. Бекболат Орынбеков ауылға табиғи газ жеткізу жұмыстарының барысы туралы айтып берді.
Ақкөл ауылына газ тарту ұзақ жылдар бойы көтеріліп келеді. Соның нәтижесінде 2021 жылы Ақкөл-Қызыләуіт-Ақтөбе елді мекендеріне газ құбырын тарту жұмыстары басталды. Онда магистральдық газ құбырын салу жұмыстары қызу қарқынмен жүріп жатыр. Енді 411 үйде газ жеткізу жөніндегі үйлер арасындағы желі құрылысына қатысты мәселе туындады. Ол жобаның құны 369,3 миллион теңге болып отыр. Бұл бағытта облыс әкімімен және салалық министрліктермен бірлесіп тиісті қаражат бөлу жұмыстары жүргізілетін болады, - деді Бекболат Орынбеков.
Әңгіме барысында азық-түліктің қымбаттауы мәселесі де көтерілді. Бекболат Орынбеков ақсақалдарды азық-түлік бағасын ұстап тұру бойынша дағдарысқа қарсы қабылданған шаралар туралы хабардар етті.
Сенаторлар Қаратау қаласына барған кезде коммуналдық меншіктегі және жөндеуді қажет ететін көп қабатты жатақханалар ғимараттарының жай-күйімен танысты. Жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің айтуынша, жөндеу үшін барлық дайындық жұмыстары жүргізілген, тек қаржыландыру қажет.
Мемлекеттік бағдарламалар ережелерінің өзгеруіне байланысты бұл бағыттағы жұмыс тоқтатылғаны белгілі. Сондықтан сапар аяқталғаннан кейін еліміздің Премьер-Министрінің атына осы жұмыстарды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тиісті ережелерді әзірлеу қажеттігі туралы депутаттық сауал жолдаймыз, - деді сенатор Бекболат Орынбеков.