Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыс өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Онда тұрғын үй саясатын реформалау туралы заң талқыланды.
Заң коммуналдық тұрғын үй қорынан немесе жергілікті атқарушы органдардың жеке сектордан жалға алуы арқылы мұқтаж адамдарға тұрғын үй берудің негізгі бірнеше шараларын қарастырады. Жаңалықтардың бірі – бұрын сатып алу құқығынсыз берілген тұрғын үймен қоса, жалға берілетін тұрғын үйді жекешелендіру құқығы болып табылады. Бұдан басқа, құжат «Отбасы банк» АҚ-ны ұлттық даму институтына айналдыруды көздейді. Оған жергілікті атқарушы органдардың мұқтаж жандарға арналған тұрғын үйді есепке алу мен есепке қою және бөлу жөніндегі функциялары берілетін болады.
Сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің тұрғын үйге мұқтаждарды есепке қою, мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру және жеке сектордағы тұрғын үйге жалдау ақысын субсидиялау қағидаларын әзірлеу және бекіту жөніндегі өкілеттіктері кеңейтілуде. Бұл тұрғын үй саясатын неғұрлым тиімді және ашық басқаруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Одан басқа, заң тұрғын үйге мұқтаж адамдардың электрондық базасында есепте тұрған азаматтардың тізімдерін ай сайын жариялауды көздейді, бұл ұсынылатын қолдау шараларының ашықтығы мен жариялылығын арттыруға ықпал етеді.
Сенаторлар бұл заң халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғауда маңызды деп санайды. Отырыс қорытындысы бойынша заңды Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылданды.