Сенаторлар тұрғын үй құрылысындағы өзекті мәселелерді талқылады

23 Қыркүйек 2022, 20:42
960
Бөлісу:
Сенаторлар тұрғын үй құрылысындағы өзекті мәселелерді талқылады

Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары Астана қаласындағы Кәсіпкерлер палатасында жұмыс бабындағы көшпелі кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Құрылыс саласы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жер қатынастарындағы өзекті мәселелерді талқылау шараның негізгі мақсаты болды. Құрылыс материалдары мен құрылыс жұмыстарының қымбаттауы, ипотекалық несие алуға қол жеткізудегі қиындықтар, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жетілдіру қажеттігі, құрылысқа арналған жер телімдерінің тапшылығы және тағы басқа тақырыптар қызу талқыға салынды. 

Бүгін көптеген мазмұнды ұсыныстар жасалды және аса маңызды мәселелер талқыланды деп ойлаймын. Сенатта кейіннен Үкімет сағатын сапалы өткізу мақсатында мемлекеттік органдардың өкілдерімен, сарапшылармен, қоғамдастықтар және мүдделі ұйымдар өкілдерімен жұмыс кездесулерін өткізіп келеміз. Депутаттар тұрғын үй құрылысы саласындағы өзекті мәселелерді шешу үшін әрдайым қолдау көрсетуге дайын, - деп атап өтті Дәурен Әділбеков

Сенаторлар талқылау соңында «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысын дамыту: проблемалар мен шешу жолдары» тақырыбындағы Үкімет сағатына дайындық барысында мәселелер әлі де пысықталатынын, сондай-ақ депутаттардың заң шығару қызметі кезінде ескерілетінін атап өтті.

Кездесуге Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшелері, индустрия және инфрақұрылымдық даму, қаржы, ұлттық экономика, ауыл шаруашылығы, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі және әділет министрліктерінің, сондай-ақ құрылыс компаниялары мен қауымдастықтардың өкілдері қатысты.

Өзгелердің жаңалығы