Сенаторлар Орталық Азия елдерінің парламентшілері мен СІМ өкілдерінің кездесуіне қатысты

18 Сәуір 2022, 20:00
1090
Бөлісу:
Сенаторлар Орталық Азия елдерінің парламентшілері мен СІМ өкілдерінің кездесуіне қатысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Әбдәлі Нұралиев пен Мұхтар Жұмағазиев осы күндері Қазақстан астанасында өтіп жатқан Орталық Азия елдерінің парламентшілері мен СІМ өкілдерінің кезекті алтыншы кездесуіне қатысты. 

Диалогтың негізгі мақсаты – климаттың өзгеру салдарымен күрес мәселелері бойынша өңір елдері арасында тәжірибе алмасу болып отыр. Кездесуге қатысушылар Қазақстанның жаңа Экологиялық кодексін де егжей-тегжейлі талқылады. 

Саясаткерлер сондай-ақ заңнаманы одан әрі жетілдіру және Орталық Азия елдеріндегі климат жөніндегі саясатты іске асыру мәселелерін, әр елдің климат бойынша өзіне алған міндеттемесін іске асырудың келешегін талқылады.

Бұл кездесу маңызды оқиға әрі климаттың өзгеруіне байланысты жаһандық проблемалардың оң шешілуіне үлес қосады, бұдан былайғы жұмыстың нәтижелі болуына ынталандырады, сондай-ақ тең құқықты халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді, - деп атап өтті сенатор Әбдәлі Нұралиев өз сөзінде.

Диалог платформасының күн тәртібінде климаттың өзгеруі және сектораралық ынтымақтастықты нығайту мәселесі 2019 жылы алғаш рет айтылған болатын. Орталық Азияның өңірлік экологиялық орталығы ОА елдері парламентшілері мен СІМ өкілдерінің Арал теңізі бассейніндегі климаттың өзгеруіне бейімделу және оның салдарын жұмсарту жөніндегі бағдарлама аясында осындай кездесуді жылына екі рет өткізу туралы ұсынысын қолдады.

Өзгелердің жаңалығы