Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Үкімет сағатына дайындық аясында Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің басшылығымен кездесу өтті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Дәурен Әділбеков үкімет сағатына дайындық аясында осыған дейін «Қазақстандық индустрия және экспорт институты» АҚ және «Атамекен» Ұлттық сауда-өнеркәсіп палатасы басшылығымен 2 кездесу өткенін атап өтті. Бүгінгі шара «Индустриялық саясат туралы» заң жобасын әзірлеуші Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басшылығымен кездесуге арналды.
Депутаттар елдегі өнеркәсіптің дамуына кедергі болып келе жатқан негізгі проблемаларды атап өтті. Олардың қатарында импортталатын өнімдер үлесінің көптігі, шикізатқа қолжеткізудегі қиындықтар, цифрлық технологияларды пайдаланатын кәсіпорындардың аздығы, сыртқы нарықтағы кедергілер мен шектеулер және өндірісті жаңғыртуға қаражаттың жетіспеушілігі бар.
Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрінің орынбасары «Индустриялық саясат туралы» заң жобасының негізгі ережелері және Индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында қабылданған шаралар туралы хабардар етті. Ол сонымен қатар, қосылған құны жоғары әрі өнімі күрделі орта және жоғарғы шектегі тауарлар тізбесі негізінде бірқатар мемлекеттік қолдау шаралары арқылы келешегі зор «күрделі» тауарлар өндірісін ынталандыру керек екенін атап өтті.
Комитет депутаттары отырыс қорытындысы бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бірқатар сауалдарын жария етті. Сенаторлар сұрақтарына белгіленген мерзімде жан-жақты жауап алатыны айтылды.