Сенаторлар Мұғалжар ауданына барды

23 Тамыз 2019, 02:38
1866
Бөлісу:
Сенаторлар Мұғалжар ауданына барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенаторлар Марат Тағымов пен Мұхтар Жұмағазиев жұмыс сапарымен Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында болды. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметінен хабарлады. 

Аудан орталығы Қандыағашта сенаторлар көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен, көп балалы отбасылардың мәселелерімен танысты. Жергілікті кәсіпкер ашқан мектепке дейінгі «Бақытты бала» орталығында әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар оқытылады. Аудан әкімі Асқар Шериязданов аудан орталығында демографиялық өсім қарқыны байқалатынын, бұрынғы жатақхана күрделі жөндеуден өтіп жатқанын, тоқсан пәтерлі тұрғын үй қазан айында пайдалануға берілетінін жеткізді.

Сенаторлар, сондай-ақ аудан орталығындағы өнеркәсіптік-экономикалық колледжде болды. Студенттер мұнда теориялық біліммен қатар тәжірибе жинақтағанымен, түлектерді жұмыспен қамтуда қиындықтар бар екені белгілі болды.

IMG-20190815-WA0003.jpg

«Nur Otan» партиясының ғимаратында мәслихат депутаттары, аудан ақсақалдары мен тұрғындар жергілікті өзін-өзі басқару заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар айтып, жастарды жұмыспен қамту, білім беру саласындағы реформалар, дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауы және медицина қызметтерінің сапасы туралы ұсыныс, пікірлерін айтты.

Аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Құрания Аймағамбетов ардагерлердің санаторийлерде емделу мәселесін көтеріп, ардагерлердің мәртебесі туралы заң қабылдауды ұсынды. Депутаттар, сонымен қатар тұрғын үйге мұқтаж көп балалы аналармен және әлеуметтік аз қамтылған отбасылармен кездесті.

Қандыағаш қаласының әкімі Талғат Өтемұратовтың айтуынша, тұрғын үйге кезекте 1100 адам, оның ішінде 110 көп балалы аналар бар. Сенатор Марат Тағымов мемлекет тарапынан қабылданып жатқан көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдау шаралары туралы айтып өтті. Мұхтар Жұмағазиев ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыру жөніндегі мемлекет бастамалары туралы хабардар етті.

Хромтау қаласында сенаторлар «Тау» агрофирмасы» ЖШС жұмысымен танысты. Кәсіпорын басшысы Тимур Ибрагимовтің айтуынша, кәсіпорын ай сайын 36 атаулы дайын өнім өндіреді. «Milky Land» маркалы сүт өнімі республиканың алты аймағына жеткізіледі. Кәсіпорын екі ауысымда жұмыс істейді, жұмыскерлердің орташа еңбекақысы 80 мың теңгені құрайды.

Сапар барысында сенаторлар Хромтау тау-кен техникалық колледжінің техникалық базасымен танысты. Бұл оқу орны тау-кен өнеркәсібіндегі ескі білім беру орталықтарының бірі болып табылады. Колледжде қосарлы оқыту жүйесі енгізілген. Түлектері бәсекеге қабілетті, жұмыспен қамтылған және одан ары шетелде білім алу мүмкіндігі бар.

IMG-20190812-WA0010.jpg

Ақжар ауылдық округінде сенаторлар аудандағы табысты астық шаруашылықтарының бірі болып есептелетін «Ақжар-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Егіс алаңы 14 мың гектарға дейін кеңейді. Ауа райының құрғақтығына қарамастан шаруалық басшысы Қайрат Төлепбергенов бір гектардан 10 центнерге дейін астық жинауды жоспарлап отыр.

Мәртөк ауданындағы көшпелі семинар барысында Ақтөбе облысындағы мал шаруашылығын, мал азығы өндірісін және көкөніс шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланды. Семинарға қатысушылар «Алманов», «Нан», «Пригородное» шаруа қожалықтарының егістіктерінде болып, 2019 жылдың қыркүйек айында пайдаланылуға берілетін «Милкер» құрама жем зауыты құрылысының барысымен танысты. Кәсіпорын 2 527 гектар аумағында ірі және шырынды азықты қайта өңдеу және өндірумен айналысады.

Семинар барысында ауылшаруашылығы қожалықтарының басшылары, сарапшылар пікір алмасып, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты ұсыныстарын айтты.


Өзгелердің жаңалығы