Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар күн тәртібіне шығарылған мәселелерді қарады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Отырыс барысында «Қазақстан Республикасы мен Азия даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Жай операциялар) (Фискалдық басқару және қаржы секторы реформаларының бағдарламасы – 1-кіші бағдарлама) ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасы мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Фискалдық басқару және қаржы секторы реформаларының бағдарламасы – 1-кіші бағдарлама) ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді («Инклюзивті және тұрақты экономикалық өсу» атты даму саясатын қаржыландыруға арналған қарыз) ратификациялау туралы» заңдар қаралды.
Талқылау кезінде депутаттар бұл келісімдерді ратификациялау Қазақстанға бюджеттің теңгерімділігі мен елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге және стратегиялық басымдықтарды одан әрі іске асыру үшін жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет тапшылығының бекітілген мөлшері шеңберінде қарыз алуға мүмкіндік беретінін айтты. Тартылатын қарызға қызмет көрсетуді және өтеуді Қаржы министрлігі Қарыз туралы келісімде белгіленген қаржылық шарттарға сәйкес кезекті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте көзделетін қаражат есебінен жүзеге асырады.
Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі, ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» туралы заңды қарады.
Заң қоғамдық даму, мәдениет, мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы қолданыстағы нормативтік құқықтық базаны жетілдіруге бағытталған. Атап айтқанда, осы заң арқылы «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтаушы жүйесінің қызметін құқықтық реттеу көзделіп отыр. Мұндай жүйені құру жөнінде Мемлекет басшысы өзінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында айтқан болатын.
«Келешек» бағдарламасы жоғары білім алуды, колледжде немесе магистратурада оқуды қоса алғанда білім беру жинақтарын қалыптастыруға арналған. Бұл ретте мемлекеттің, ата-аналардың және қаржы институттарының қатысуы да көзделген.
Мақұлданған заңда бірқатар саланы бюрократиядан арылтуға арналған түзетулер топтамасы қамтылған. Сондай-ақ Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауда жүктеген тапсырмасын орындау мақсатымен «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу жөнінде норма қарастырылып отыр. Алдағы уақытта заң азаматтарға сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға оң септігін тигізеді деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Осылайша, заң мәдениет, қоғамдық даму саласын реттеудің нормативтік негізін тұжырымдамалық тұрғыдан өзектендіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ұлттық заңнаманы және оның құқық қолдану практикасын одан әрі жетілдіруге ықпал етпек.