Сенаторлар халықаралық жүк тасымалы туралы заңды қарайды

17 Маусым 2024, 12:37
405
Бөлісу:
Сенаторлар халықаралық жүк тасымалы туралы заңды қарайды
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Палата Бюросының отырысын өткізді. Онда 20 маусым күні өтетін Сенат отырысының күн тәртібі бекітілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Соған сәйкес алдағы бейсенбіде Палата депутаттары «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдарды қарайды. Бұл заңдар көліктің әртүрлі түрлерін пайдалана отырып, халықаралық жүк тасымалдау рәсімдерін жеңілдетуді және мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамытуды көздейді.

Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын, оның ішінде Қытай – Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар үшін дамыту жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заңдарды қарайды. Аталған құжаттардың нормалары Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы транзиттік-көліктік әлеуетті және сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі нығайтуға, сондай-ақ, Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша мультимодальды тасымалдарды дамыту үшін автомобиль, теңіз және теміржол көлігі түрлерінің артықшылықтарын тиімді пайдалану үшін қолайлы жағдай жасауға арналған.

Одан бөлек, Палата отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы мәдени орталықтарды өзара құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қаралады. Заң екі мемлекет арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуды көздейді.

Сондай-ақ «Мемлекеттiк сатып алу туралы» заң мен оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сатып алу және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар да Сенат отырысының күн тәртібіне шығарылды.

Бейсенбідегі отырыста «Ғылым және технологиялық саясат туралы», «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және технологиялық саясат, платформалық жұмыспен қамту және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекске (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексті (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар екінші оқылымда қаралады.

Сонымен бірге депутаттар Қазақстан Республикасының орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттары мен міндеттерінің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның құрамына сенаторларды сайлау туралы мәселені қарайды.

Сондай-ақ Бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен заңдар жұмыс үшін тұрақты Комитеттерге бөлініп берілді.

Өзгелердің жаңалығы