Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Палата Бюросының отырысын өткізді. Онда депутаттар 30 мамыр күні өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті. Сондай-ақ осы аптада болатын іс-шараларды пысықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сенаторлар Палатаның алдағы отырысында алты заңды қарайды. Олардың қатарында «Органикалық өнім өндірісі және айналымы туралы» заң және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне органикалық өнім өндірісі және айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар бар.
Аталған заңдардың нормалары отандық азық-түлік өндірушілерді органикалық өнім өндіруге ынталандыруды және олардың сыртқы нарықта бәсекеге қабілеттілігін арттыруды көздейді.
Сонымен қатар депутаттар ғылым саласының стратегиялық, кәсіптік және әлеуметтік мәселелерін шешуге, ғылыми кадрлар даярлауға лайықты жағдай жасауға, сондай-ақ, ғылыми қызметкерді әлеуметтік қорғау кепілдіктерін іске асыруға арналған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңды және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және технологиялық саясат, платформалық жұмыспен қамту және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қарайды.
Одан бөлек, Бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен заңдар жұмыс үшін тұрақты Комитеттерге бөлініп берілді.