Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл күндері елімізде болып жатқан оқиғалар барша қазақстандықты толғандырып отыр. Сенат депутаттары осыған байланысты арандатуға ұрынбай ақылмен шешім қабылдау туралы Президенттің үндеуіне қолдау білдірді, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бұдан былайғы даму үшін тұрақтылық пен тыныштықты сақтау ұстанымы аса маңызды екенін айтты.
Президентіміз айтқандай, дәл қазір бізге өзара сенім мен диалог керек. Азаматтардың қауіпсіздігін және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізілгені белгілі. Президентіміз қабылдаған бұл шұғыл шаралар еліміздің тұрақтылығын нығайтуды көздейді. Сондықтан дәл қазір біздер үшін Мемлекет басшысының шешімдеріне қолдау білдіріп, елдің береке-бірлігін бекемдей түсу аса маңызды, - деді Сенат Төрағасы.
Нұртөре Жүсіп болып жатқан жағдай туралы айта келіп, бағаның өсуі мен тұрақсыздығы халықтың ызасын туғызғанын және еліміздің Президенті елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай туралы кеңесте ол мәселелерді шешу мақсатында тиісті тапсырмалар бергенін атап өтті.
Ел сабырға бой алдырып, мәселенің заң аясында шешілгені абзал. Халықтың толқуы инфляцияның өршуімен байланысты. Және бұған Үкіметтің кінәсі бар екендігін Президент ашып айтты. Оған елдегі баға тұрақсыздығын қосыңыз. Халық тарапынан әлеуметтік-экономикалық талаптардың қойылуы мәселенің шиеленісіп кеткендігін көрсетеді. Сондықтан енді жасақталатын Үкіметтің алдында елдің әлеуметтік жағдайын реттеу міндеті тұр, – деді халық қалаулысы.
Сенатор Ақылбек Күрішбаев өз кезегінде қазіргі кезде әрбір қазақстандық біздің еліміздің тағдырына жауапкершілік арқалап отырғанын атап өтті.
Біздің қоғамда әділетті көтеріліп отырған бірқатар мәселелерді Үкіметтің уақтылы шаралар қабылдауы арқылы өз кезінде шешуге болатын еді деп есептеймін. Олардың көбі қазір Президенттің жеке араласуынан кейін ғана шешімін тауып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде халықты әлеуметтік қолдаудың басымдықтарын нақты белгілеп берді және олар орындалады! Еліміздің болашағы әрқайсымызға байланысты, – деді Сенат депутаты.
Сенаторлар бұл күндері еліміздің аймақтарында жүр және олар азаматтармен кездесулер өткізуде.
Сенат депутаттары дәстүрлі сапарларында ең шалғай ауылдарға барып, тұрғындармен өзекті мәселелерді талқыға салатын болады. Олар маңызды мәселелерді шешу жолдарын қарастырып, мемлекеттік органдарға депутаттық сауалдар жолдайды немесе заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу үшін бастама көтеретін болады.