Сенаторлар БҚО-да тұрғын үйді қалпына келтіру мәселелерін талқылады

12 Тамыз 2024, 18:12
366
Бөлісу:
Сенаторлар БҚО-да тұрғын үйді қалпына келтіру мәселелерін талқылады
Фото: сенат

Сенаторлар Батыс Қазақстан облысындағы шаруа қожалықтарын қорғау және тұрғын үйді қалпына келтіру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сенат депутаттары Арман Өтеғұлов пен Ләззат Рысбекова Батыс Қазақстан облысында болды. Олар шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті және қазіргі кездегі мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылады.

Ауыл еңбеккерлері кездесу барысында ерекше жағдайға тап болып отырғандарын жеткізді. Өйткені, батыс өлкені мекендейтін киік санының тез күрт өсуі шаруаларға жайсыздық әкелуде. Түз жануары жайылымдар мен егіс алқаптарын таптап, аймақтағы ауыл шаруашылығын дамытуды қиындатуда және шаруа қожалықтарын елеулі шығынға душар еткен.

Сенатор Арман Өтеғұлов киік санының одан әрі көбеюіне байланысты ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерінің мүддесін қорғау және облыстың экожүйесін сақтау үшін шұғыл шаралар қажет екенін, ол қазіргі кезде аса маңызды болып отырғанын атап өтті.

Киік Батыс Қазақстан облысының экожүйесінің маңызды бөлігі және оларды сақтау өңірдің биоалуандығы үшін аса маңызды. Алайда, киіктің шамадан тыс көбеюі аймақтағы шаруа қожалықтарына және ауыл шаруашылығы өнімін өндіруге елеулі қауіп болып отыр. Сондықтан бұл жануардың санын реттеуге аса мұқият және жауапкершілікпен қарау керек, - деді Арман Өтеғұлов.

Арман Өтеғұлов пен Ләззат Рысбекова Орал қаласында, сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккен Қаратөбе, Сырым, Теректі, Бөрлі аудандарында болды. Депутаттар жаңа тұрғын үй құрылысымен және бүлінген үйлерді қалпына келтіру барысымен танысып, жұмыстың мерзімінің кесте бойынша жүзеге асуы мен сапасына назар аударды.

Су тасқынынан зардап шеккен тұрғын үйлерді толық және жедел қалпына келтірудің маңызы зор және оны Мемлекет басшысы қатаң бақылап отыр. Жұртшылықтың да жіті назарында. Аймақ тұрғындары құрылыс жұмыстарының аяқталуын және жаңа тұрғын үйлерді асыға күтеді. Біз, депутат ретінде осы маңызды мәселеде жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастырамыз, - деп атап өтті Ләззат Рысбекова.

Өзгелердің жаңалығы