Сенаторлар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мәселесін зерделеді

Кеше, 18:54
141
Бөлісу:
Сенаторлар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мәселесін зерделеді
Фото: сенат

Бүгін Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті Алматы облысында көшпелі отырыс өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Онда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу тақырыбы – күн тәртібіндегі басты мәселе болды. Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында өткен шараға комитет депутаттары, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен мемлекеттік органдардың өкілдері, мәслихат депутаттары, сондай-ақ қайта өңдеу кәсіпорындары мен агроөнеркәсіп кешендерінің басшылары қатысты.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруды талқылау – отырыстың басты мақсаты болды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу деңгейін арттыру және Қазақстан Президенті қойған міндеттерді орындау, атап айтқанда, қайта өңделген өнімдер үлесін үш жыл ішінде 70%-ға қол жеткізу мәселелері басты назарға алынды.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу – бұл еліміздің экономикасын нығайтуға, импортқа тәуелді болуды азайтуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал ететін стратегиялық маңызды бағыт. Агроөнеркәсіп кешеніндегі айналым қаржысының жетіспеуі, шикізат сапасының төмендігі және өнім өндіру үдерісін автоматтандырудың жеткіліксіздігі сияқты проблемаларды шешу үшін қаржылай қолдау мен технологиялық инновация үйлесім тапқан кешенді шаралар қажет, - деп атап өтті комитет төрағасы Әли Бектаев.

Отырыс барысында қайта өңдеу кәсіпорындары мен ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер арасындағы ынтымақтастықты жақсарту, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту, шикізат сапасын жақсарту және өнімділікті арттыру үшін ірі агроөнеркәсіп холдингтерін құру туралы ұсыныстар қаралды. Сондай-ақ агросекторда шағын және орта бизнеске жеңілдікті кредиттеу жүйесін әзірлеу мәселесі талқыланды.

Отырыс қорытындысы бойынша ұсынымдар топтамасы әзірленді. Ол ұсыныстар одан әрі қарау және іске асыру мақсатында Үкіметке жіберілетін болды. Кездесуге қатысушылар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселелерінің шешімі мемлекеттік органдар, бизнес және ауыл шаруашылығы өндірушілері арасындағы кешенді тәсілді және өзара тығыз іс-қимылды талап ететінін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы