Сенат депутаттары, атом электр стансасын салу жөніндегі халықтық штаб мүшелері Әлібек Нәутиев пен Сағындық Лұқпанов Атырау облысындағы Махамбет ауданында болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Олар сапар аясында Бейбарыс ауылында білім саласының қызметкерлерімен кездесті. Атом электр стансасының құрылысы мен оның облыс, жалпы еліміз үшін маңызын түсіндіру – жүздесудің басты тақырыбы болды. Сенаторлар атом электр стансасының Қазақстанның энергетика секторының тұрақты дамуына ғана емес, сонымен бірге еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін нығайта түсетіні және экономикаға оң әсер ететіне баса назар аударды.
Депутаттар кездесу барысында атом электр стансасының құрылысы Қазақстанның болашағы үшін экологиялық таза және тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті. Олар қазіргі жағдайда әлем жаңартылатын және экологиялық таза энергия көзіне көбірек ауысып жатқанын жеткізді. Ол ауысуларда атом энергетикасы негізгі құрамға жататыны айтылды.
Сенаторлар АЭС көміртегі негізіндегі энергия көздеріне тәуелділікті азайтып, қоршаған ортаға қалай оң әсер ететінін егжей-тегжейлі түсіндірді. Парламент депутаттары сонымен қатар Мемлекет басшысының қыркүйектегі Жолдауында айтылған негізгі мақсаттар мен міндеттерге тоқталды. Олар Мемлекет басшысы ұсынған даму бағыттары туралы айта келіп, олардың әрбір салаға, соның ішінде энергетика саласына қатысын жеткізді.
Депутаттар сондай-ақ кездесуге қатысушылардың биылғы қазан айында өтетін референдум туралы сұрақтарына жауап берді. Олар еліміздің энергетикалық стратегиясының болашағы азаматтардың шешіміне байланысты болатынын айтып, тұрғындарды референдумға дауыс беруге белсенді қатысуға шақырды.