Сенаторлар ақпараттық қауіпсіздік мәселелері туралы заңды қарады

16 Қараша 2023, 12:55
588
Бөлісу:
Сенаторлар ақпараттық қауіпсіздік мәселелері туралы заңды қарады
Фото: Парламент Сенатының баспасөз қызметі

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Онда сенаторлар ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша заңнамаға енгізілетін түзетулерді бірінші оқылымда қарады. Сондай-ақ өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттандыру және цифрлық активтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады.

Құжат нормаларына сәйкес Әкімшілік құқық бұзушылық туралы, Кәсіпкерлік, Еңбек, Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодекстерге, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының он заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.

Соның аясында тиісті салада мемлекеттік бақылаудың қосымша функциясы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне беріледі.

Иммигранттардың жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерін ұсынудың міндетті тетігін енгізу де заң шеңберіндегі жаңашылдықтардың бірі екенін атап өткен жөн. Бұл еліміздің ұлттық мүддесін қорғау және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін маңызды екені анық. Заңда цифрлық майнинг саласындағы қызметті жүзеге асыруға қатысты да бірқатар шара қарастырылған, - делінген ақпаратта.

Талқылау нәтижесінде сенаторлар заңның тұжырымдамалық нормаларын бірінші оқылымда мақұлдады және бас комитетке құжатты екінші оқылымға әзірлеуді тапсырды.

Сонымен қатар сенаторлар отырыс кезінде депутаттық сауалдарын жолдады.

Жанна Асанова отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңдардың орындалуын бақылауды күшейту туралы бастама көтерді. Сенатор ұсынған шаралардың қатарында – ІІМ-де және өңірлік бөлімшелерде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жекелеген қызметтерді құру, зорлық көрсеткендерді мемлекеттік және күштік органдарға жұмысқа орналастыруды шектей отырып, оларды міндетті тіркеуді енгізу мәселелері бар, - делінген хабарламада.

Дархан Қыдырәлі елде харассмент фактілерінің көбеюіне және осы бағыттағы тиісті органдардың профилактикалық жұмыстарының жеткіліксіздігіне алаңдаушылық білдірді. Осыған байланысты, сенатор Қазақстанның «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қудалауды жою туралы» №190 конвенцияға қосылуы туралы мәселені қарастыру қажеттігі туралы мәселеге назар аударды.

Амангелді Нұғманов кеден органдары қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандырудың проблемалық мәселелерін шешу керектігін атап өтті. Оның айтуынша, заңнамада назар аударуды қажет ететін олқылықтар бар.

Өзгелердің жаңалығы