Сенат депутаттары Марат Қожаев пен Жанна Асанова Алматыдағы жедел басқару орталығының базасында полиция департаментінің қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Онда департамент басшылығы жұмыс барысына цифрлық шешімдерді енгізу туралы баяндады және жедел басқару орталығындағы "102" желісіне халықтан келіп түсетін қоңырауларға қызмет көрсету сапасын арттыру мен қылмыстарды ашу кезінде қызметтердің өзара жедел іс-қимылына қажетті арнайы бағдарлама модульдерінің қызметтік мүмкіндіктерін көрсетті.
Мемлекет басшысының "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыру аясында қызметтік кабинеттерге бейнебақылау жүйесін орнату және полиция ғимараттарындағы көрінбейтін аймақтарды жою жөніндегі тапсырмаларын орындау нәтижесі туралы айтылды.
Қазіргі уақытта жедел басқару орталығы арқылы жедел-тергеу және қызметтік үй-жайлар мен полицияның учаскелік пункттеріне тәулік бойы онлайн-мониторингті қамтамасыз ететін 1 477 камера орнатылғаны белгілі болды.
Кездесу қорытындысы бойынша бейнебақылау арқылы талдауға қажеттіліктің өсіп келе жатқанын ескере отырып, жүйені одан әрі жетілдіру мақсатында ұсынымдар мен тапсырмалар берілді.