Сенаторлар АЭС құрылысының келешегін талқылады

24 Қыркүйек 2024, 12:23
771
Бөлісу:
Сенаторлар АЭС құрылысының келешегін талқылады
Фото: Парламент Сенатының баспасөз қызметі

Сенат депутаттары Нұрия Ниязова, Жанна Асанова және Бекболат Орынбеков Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен және арнаулы орта білім беру орындарының ұжымдарымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Онда Қазақстанда атом электр стансасын салудың келешегі талқыланды.

Сенаторлар кездесулер барысында энергияның ең экологиялық таза және тиімді түрлерінің бірі ретінде атом энергетикасының артықшылықтарына тоқталды. Сондай-ақ АЭС қауіпсіздігі және қоршаған орта мен халықты қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі қабылданатын шаралар мәселесін талқылады. Сенаторлар елімізді тұрақты энергиямен қамтамасыз ету үшін жаңа энергия көздерін енгізудің маңыздылығына тоқталды және атом энергетикасы дәстүрлі көмірсутегі көзіне экологиялық ең таза баламаның бірі екенін атап өтті.

Табиғи уранның бір килограммы 10 тонна көмір өндіретіндей энергия береді. Бұл атом энергиясының қаншалықты тиімді екенін айқын көрсетеді. Еліміздің өсіп келе жатқан қажеттілігін қанағаттандыру үшін бізге сенімді және экологиялық таза энергия көзі қажет. Атом электр станциясы бізге дәстүрлі көздерге тәуелділікті азайтуға және азаматтардың орнықты болашағын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді Жанна Асанова.

Кездесуде сонымен қатар атом электр станциясын салу жөніндегі алдағы референдумның негізгі мәселелері де талқыланды. Сенаторлар жобаның Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігі жолындағы маңызды қадам екенін айта келіп, болашақта еліміздің тұрақты дамуының кепілі болатынына сенім білдірді.

Өзгелердің жаңалығы