Сенатор жас PhD докторанттардың мәселесін шешуге шақырды

7 Наурыз 2024, 13:41
581
Бөлісу:
Сенатор жас PhD докторанттардың мәселесін шешуге шақырды

Сенатор Қайрат Тастекеев жас PhD докторанттардың мәселесін шешуге шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сенатор Қайрат Тастекеев өзінің депутаттық сауалында PhD диссертациясын қорғау барысында докторанттар тап болатын проблемалар туралы айтып берді.

Депутаттың айтуынша, докторанттардың көпшілігі халықаралық Scopus дерекқорында мақаласы жарияланған кезде қиындыққа тап болады. Бұл олардың диссертациясын қорғауды қиындатады. Соның кесірінен 2011 жылдан 2022 жылға дейін 10 276 докторанттың 4 497-сі ғана қорғай алды. Олардың көпшілігі халықаралық ғылыми басылымдарда мақаласының болмауына байланысты қорғауға жете алмады. Бұл ретте докторанттардың 93,5%-ы мемлекет есебінен оқыған болатын.

Сенатор 2018 жылдан 2022 жылға дейін халықаралық деректер базасының қызметін төлеуге мемлекет бюджетінен 5,2 млрд теңге жұмсалғанын атап өтті. Бірақ Scopus деректер базасы бойынша қазақстандық ғалымдар мақаласының жаһандық ауқымдағы үлесі аз деңгейде қалып келеді.

Ғылыми мақалаларды жариялауға байланысты проблемалық негізгі мәселеге Сіздердің назарларыңызды аударғым келеді. Ғылыми жұмыстарды жариялаудағы қиындық күшті бәсекелестік пен рецензияның қатаң талабына, сондай-ақ қаржы кедергісіне байланысты. Халықаралық базалар барлық ғылыми саланы бірдей қамти алмайды, бұл кейбір мамандандықтағы зерттеушілерді қолайсыз, өзгеше жағдайға душар етеді. Біздің ғалымдардың өсіп-өркендеуі жалғыз бағалауға байланысты болуы мүмкін емес. Ол халықаралық базада мамандандығы танымал емес немесе көпшілікті қызықтырмайтын адамдарға әділетсіз болып отыр. Бұл академиялық әділеттілік мәселесі, - деді Қайрат Тастекеев.

Сенатор осыған байланысты халықаралық базалардағы мақаласымен шектелмей, диссертациялық жұмыстардың сапасын бағалау өлшем-шарттарын қайта қарауды ұсынды. Депутат халықаралық деректер базасына енгізу үшін олардың деңгейін арттыруға ықпал ететін сапалы ұлттық ғылыми журналдарды дамыту мен қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Сенатор сонымен қатар жас ғалымдарды өз жұмыстарын халықаралық журналдарда жариялауға қолдау көрсету үшін арнайы гранттардың болуын маңызды деп санайды. Халықаралық ғылыми базаларға қол жеткізу және академиялық жазу бойынша тренингтерді қамтамасыз етумен қоса зерттеулердің сапасын арттыру жөнінде кешенді бағдарламалар әзірлеу керек.

Өзгелердің жаңалығы