Сенатор VIP-зираттарға қарсы шықты

Бүгiн, 13:17
590
Бөлісу:
Сенатор VIP-зираттарға қарсы шықты
Фото: kazislam.kz

Сенат депутаты Андрей Лукин жерлеу қызметті саласында мәселелердің жиналып қалғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, жерлеу рәсімінің құқықтық негіздері әртүрлі заңнамалық және заңға тәуелді актілермен реттеледі. Алайда сенатор Конституцияның 6-бабына сілтеме жасап, “жер халыққа тиесілі, ал зираттар одан да маңыздырақ” екенін еске салды.

Жер кодексінде зираттар тек жерлеуге арналған арнайы мақсаттағы жер санатына жатқызылып, олардың коммерциялық мақсатта пайдаланылуына тыйым салынған. Мемлекет әрбір марқұм үшін тегін кемінде алты шаршы метр жер телімін бөледі. Ал “Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы” заңға сәйкес, жерлеу және қабірлерді күтіп-ұстау ережелерін әзірлеу жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіреді. Бірақ жерлеу қызметтері нарығының бәсекелестік ортаға берілуі монополия мен қылмыстық әрекеттерге жол ашып, алаяқтық, заңсыз жер телімдерін бөлу, орындарды қайта сату, заңсыз эксгумациялау және зираттар есебін жүргізудегі қиындықтарға әкелуі мүмкін. Мысалы, қазіргі таңда Астана қаласының қарауында 28 зират пен бір пантеон бар, – деп түсіндірді сенатор.

Андрей Лукиннің сөзінше, Астанада жерлеу құны ел бойынша төмен тұрғандардың бірі. Алайда жекешелендіру жүргізілген жағдайда, жекеменшік компаниялар сөзсіз бағаны көтереді, бұл бүкіліне түсінікті жайт.

Мәселен COVID-19 пандемиясы кезінде жекеменшік операторлар жерлеу құнын 1 миллион теңгеге дейін көтерді, ал мемлекеттік органдар қолжетімді бағамен қызмет көрсетті. Зираттарды жекешелендіру “Қазақстан Республикасының көрнекті қайраткерлері аллеясы” сияқты нысандардың және жаңа қалалық зираттың жасыл аймағының тағдырын қауіпке тігеді, – деді депутат.

Оның пікірінше, бұл аумақтардың коммерциялануы VIP-жерлеу орындарының пайда болуына және мемлекеттік бақылаудың әлсіреуіне әкеледі. Сондықтан сенатор зираттарды күтіп-ұстаумен айналысатын мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру және сату жөніндегі Үкіметтің кешенді жоспарына енгізбеуді ұсынды.

Оның ұсынысы бойынша, зираттардың тек мемлекеттік меншікке жататыны заң жүзінде бекітілуге тиіс. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың дерекқорларымен біріктірілген жерлеу орындарының бірыңғай мемлекеттік цифрлық есебін жасау қажеттігін айтты.

Өзгелердің жаңалығы