Сенатор тегін фото-видео жариялайтын сайттарды реттеу керегін айтты

2 Мамыр 2023, 14:40
1215
Бөлісу:
Сенатор тегін фото-видео жариялайтын сайттарды реттеу керегін айтты
Фото: Бибігүл Жексенбайдың Facebook парақшасынан

Бүгін Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде кезекті отырыс өтті, деп жазады BAQ.KZ тілшісі. 

Отырыста «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық-телекоммуникациялық желілерде авторлық құқық пен сабақтас құқықтарды сақтау және қорғау бойынша ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заңы талқыға салынды. 

Қазір ғаламторсыз әлемді елестету мүмкін емес. Интернет шекараны білмейді. Көз ілеспес жылдамдықпен жүріп жатқан контент ағымы мемлекетаралық қарым-қатынастардың ғаламтордағы да байланысын да құқықтық негізде жүргізуді талап етеді. Кез келген мемлекет үшін цифрлық қоғамның жұмысын жүйелендіріп, құқықтық реттеу аса маңызды, - деді Бибігүл Жексенбай.

Сенатордың айтуынша, қазіргі таңда ғаламтордағы шексіздік, әлеуметтік желідегі еркіндік кез келген ел үшін өте өзекті мәселе болып отыр. Сондықтан цифрлық ортада зияткерлік меншікті сақтау және қорғау саласында нормативтік-құқықтық база қажет.

Осыған орай, 2021 жылдың 12 қарашасында ТМД-ның 8 Үкімет басшысы арнайы келісімге қол қойды. Бұл келісім авторлық құқық объектілеріне қарсы негізгі іс-шараларды іске асыру үшін дайындалды, - деді Сенатор.

Оның атап өтуінше, келісімнің негізгі мақсаты - осы саладағы заң бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, қолданыстағы заңнаманы жетілдіру және ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту.

Әлеуметтік желіде тегін фильмдер ұсынатын, музыкалық өнімдер мен фото-видеоларды жариялайтын сайттардың бетпердесін ашып, жыл сайын еліміздегі өсіп келе жатқан лицензияланбаған ресурстардың жұмысы жүйеленуі үшін құқықтық мәдениет қалыптастыратын заңнамалық негіз қажет. Бүгін талқыланған заң жобасы осы қажеттілік орнын толтырады, - деді Бибігүл Жексенбай.

Өзгелердің жаңалығы