Сенатор шағын шаруашылықтарға мемлекеттік қолдауды күшейту қажеттігін айтты

3 Ақпан 2022, 11:14
1111
Бөлісу:
Сенатор шағын шаруашылықтарға мемлекеттік қолдауды күшейту қажеттігін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор Әбдәлі Нұралиев еліміздің Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында шаруалардың нақты мәселелерін шешуге бағытталған нақты шараларды ұсынды.

Фермерлерді тұқымдармен және жеммен қамтамасыз ету, фермерлер үшін несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді азайту, қосалқы шаруашылықтарды жүргізуге микрокредиттер беру және оларды кооперацияға ынталандыру. 

Депутаттың айтуынша, өткен жылы қалыптасқан жағдай ауыл шаруашылығы саласының технологиялық тұрғыдан артта қалуын, техникалық жарақтандырудың төмен деңгейін, шаруашылық жүргізудің экстенсивті әдістерінің басымдылығын көрсетті, соның нәтижесінде сала қазіргі заманғы сын-тегеуріндерге төтеп бере алмайтындығын байқатты. 

Мал шаруашылығының жем-шөп базасының мүмкіндігін ескермей дамыту – саланың негізгі проблемасы. Елімізде мал азығы зоотехникалық нормалардан 2 есе аз өндіріледі. Ауыспалы егістіктегі жем-шөп дақылдарының үлесі шамамен 15 пайызды құрайды. Бұл ғылыми қажеттіліктен екі есе төмен. Жайылымдардың 20-дан 60%-ға дейінгі бөлігі тозған. Олардың 48%-ы суланбауына байланысты пайдаланылмайды. 

Сөзінше, саланы мемлекеттік қолдауда да кемшіліктер бар.

Қазіргі таңда еліміздегі 1 600-ден астам қосалқы шаруашылықтарда 3,5 млн-ға жуық табыс деңгейі төмен азаматтар жұмыс істейді. Олар жылына орта есеппен 2,5 трлн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, еліміздің азық-түлік қорын толықтыруда елеулі үлестерін қосып келеді.  Өкінішке орай, қосалқы шаруашылықтар өндірген өнімдердің пайдасын ортада жүрген делдалдар көріп келеді. Ал майда қожалықтарды мемлекеттік қолдау мүлдем жоқ деп айтуға болады, - деді сенатор.

Осы мәселелерді шешу үшін сенатор егіс алқаптарының құрылымын әртараптандырумен және жемшөп, жарма, бұршақ және майлы дақылдар алқаптарын кеңейтумен айналысатын шаруашылықтарды белсенді қолдауды ұсынды. Кооперацияны, оның ішінде қосалқы және ұсақ шаруашылықтарды ынталандыру да маңызды.

Агросектор субъектілеріне бөлінетін несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді 2-3%-ға дейін төмендету, қосалқы шаруашылықтар үшін көлемі 1-2 млн теңге болатын микрокредиттер спектрін кеңейту, шаруашылық науқаны кезінде мемлекеттік қаражатты жылдам алу мүмкіндігін қарастыру, нақты алынған өнімге немесе қайта өңдеуге өткізілген көлемге байланысты субсидияларды бөлу бойынша нақты шаралар көзделуі тиіс, - деп атап өтті сенатор Әбдәлі Нұралиев.

Өзгелердің жаңалығы