Сенатор Салық кодексінің проблемалы бөлігін жаңартуды ұсынды

27 Қазан 2023, 10:51
583
Бөлісу:
Сенатор Салық кодексінің проблемалы бөлігін жаңартуды ұсынды
Фото: Парламент Сенатының баспасөз қызметі

Сенаты төрағасының орынбасары Ольга Перепечина Салық кодексінің проблемалы бөлігін атап, оны жаңарту керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сенатта Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде салық саясатының және салықтық әкімшілендіруді жаңғыртудың негізгі тәсілдері мен тұжырымдамалық мәселелері» тақырыбына арналған Үкімет сағаты өтіп жатыр.

Салық түсімдері ел бюджетін толықтырудың негізі екенін бәрі біледі. Сондықтан оларды әкімшілендірудің дұрыстығы, адал салық төлеушінің мүдделерін қорғау салық базасын кеңейтуге және бюджетке түсетін түсімдердің ұлғаюына ықпал етіп, экономиканың дамуы мен өсуіне серпін береді, бұл өз кезегінде мемлекеттік шығыстарды қаржыландыру кезінде Ұлттық қордан берілетін трансферттердің үлесін төмендетеді және жалпы біздің халқымыздың әл-ауқатына жағымды әсер етеді, - деді сенатор.

Ол кірістің өсуін қамтамасыз ету үшін жоғары салық декларациясын сақтай отырып, бизнеске қолайлы жағдай жасау керегін айтты.

Қазіргі уақытта бизнес салық заңнамасының көптеген өзгерісіне және осы өзгерістерді зерделеуге уақыт тапшылығына қатысты көптеген проблема мен шағым барын айтып жатыр. Мысалы, 2017 жылғы 25 желтоқсанда Салық кодексі қабылданғаннан бері оған 39 рет, яғни жылына 5-тен 10-ға дейін өзгерістер енгізілген. Бұл шетелдік компаниялар үшін инвестициялық ахуалға ғана емес, Салық кодексіне жыл сайын енгізілетін барлық жаңалыққа ілесе алмайтын қарапайым кәсіпкерге де әсер ететін заңнаманың тұрақсыздығының тікелей дәлелі, - деп түсіндірді Ольга Перепечина.

Сенатор атап өткендей, қазіргі тәуекелдерді басқару жүйесі салық жүктемесінің коэффициентіне бағдарланғанына қатысты бизнес өкілдерінің шағымы жетерлік. Қарызға байланысты банк шоттарына шектеу қою мәселесі бар. Тіпті аз сомалар үшін де салық төлеушінің банк шоттарында жүргізілетін барлық шығыс операциясы тоқтатылады.

ҚҚС қайтаруға, салықтық тексерулердің нәтижелеріне, оның ішінде салық төлеушілердің жекелеген санаттары үшін оңайлатылған тәртіпке қатысты көптеген сұрақ оның нақты қайтарылмауына алып келеді. Декларацияларды толтыру және олардың санына қатысты да сұрақтар туындайды. Цифрландыру мен интеграцияны барынша көбірек енгізу қажет, - деді ол Сенатта.

Сонымен қатар салалық мемлекеттік органдар беретін жеңілдіктердің тиімділігіне мониторинг жүргізілмейді. Бірақ кейбір министрліктердің ұсынысымен қандай да бір саланы қолдау үшін жеңілдіктер мен преференциялар ұсынылады.

Қолданыстағы Салық кодексі қабылданғанда мақсаты мүлде басқа еді. Бірақ, өкінішке қарай, үміт ақталмады. Салық кодексінің ең проблемалы блогы – салықтық әкімшілендіру. Бұл бөлімді толығымен жаңарту қажет. Қызметтік салықтық әкімшілендіруге көшуді қарастыру ұсынылады, - деп айтты ол.

Өзгелердің жаңалығы