Чемпионды дайындау үшін үлкен жүрек керек - бапкер

27 Қазан 2023, 10:34
1291
Бөлісу:
Чемпионды дайындау үшін үлкен жүрек керек - бапкер
Фото: Кейіпкер мұрағатынан

Спорт – үлкен идеология. Спорт арқылы балаларды отаншылдыққа, патриоттықа тәрбиелеуге болады. Осы ретте BAQ.KZ тілшісі Грэпплинг күресінен Азия чемпионы, Джиу-джитсудан қара белбеу иегері Нұрсұлтан Орынбасаровпен сұхбаттасқан еді. 

Бапкерлікпен қай уақыттан бастап айналыса бастадыңыз? Сіздің 800-ге жуық шәкірт тәрбиелеп отырғаныңызды білеміз, осы жайлы айта кетсеңіз. 

Шәкірт тәрбиелеуді 23 жасымда бастадым. Бірақ, мұндағы мақсатым өз білгенімді інілеріме үйрету, ауыл балаларының армандарына қанат бітіру болды. Әу баста 4-5 баланы жаттықтырдым. Кейін бала саны 20-ға жетіп, қазіргі кезде 800-ге жуық шәкірт даярлап отырған жайым бар. Бапкер болу кез келген адамның қолынан келгенмен, болашақ чемпионды дайындау үшін үлкен жүрек керек. Спорт клубында 100-ден астам әлем чемпионатының чемпиондары мен жүлдегерлері бар. Оның ішінде балалар мен жасөспірімдер категориясы басым. Ересектерден де әлем чемпионы бар. Біз бір орында тұрмаймыз, биіктен көрінуге талыпынып, бар күш-қайратымызды сарп етеміз. 

100-ден астам чемпионды жаттықтырған спорт клубы жайлы айта кетсеңіз. 

Кеңес Одағының Батыры, ҚР Тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетовтің есімімен аталатын «Sagadat batyr-QTT» клубы 2016 жылы өз жұмысын бастады. Алматы облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы «Sagadat batyr-QTT» спорт клубының президенті Ерболат Сапарұлы әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Біз джиу-джитсу мен грэпплинг спорты бойынша шәкірт тәрбиелеп, жетістіке жетіп отырған жайымыз бар. Жақында шәкірттеріміз АҚШ-тың Флорида штатындағы Киссимми қаласында өткен «Orlando International Open» халықаралық турнирінің жеңімпаздары атанды. Джиу-джитсу мен грэпплингтен 16 жасар жеті дүркін әлем чемпионы Жібек Құлымбетова «Gi» және «no GI» санаттарында екі алтын медальдің иегері атанды. Ал джиу-джитсудан әлем чемпионы Самат Айтпанбет қара белбеу иегерлері арасында екі медаль жеңіп алды. Осы жарыс аясында балалар арасында «Pan Kids Jiu Jitsu» атты турнир өтті. Онда қазақстандықтар үш алтын және үш қола медаль алды. Атап айтсақ, Қазбек Тәжібай, Таймас Сәлімов, Мәлік Сәлімова, Айша Еранқызы, Шыңғыс Әбліқат, Әліби Камаладдин, Айбат Олжатай. Олардың барлығы – Сағадат Нұрмағамбетов атындағы клубтың және AIGA грэпплинг бойынша Алматы облысы құрамасының спортшылары. Балаларымызды АҚШ-қа шығарып салар алдында Д. Қонаев атамыздың ескерткішіне барып, рухына құран бағыштадық. Спорт клубының президенті Ерболат Сапарұлы балаларға ақ батасын беріп, сәттілік тілеген еді. Білікті бапкерлеріміз баршылық. Олардың көпшілігі – менің шәкірттерім. Дияс Қанайбеков, Ұртуған Бекмұрат, Жандос Қабдуллин, Санжар Қанайбек, Райымбек Ержан, Олжас Досымжан деген жаттықтырушылар балаларды спорттың осы түріне баулып, тер төгіп жүр. 

Чемпионды дайындау үшін үлкен жүрек керек - бапкер

Қазақстанда джиу-джитсу қаншалықты дамыған?

Біздің елімізде бұл спорт түрінің соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқанын байқаймыз. Джиу-джитсуға әлем қызығушылығын танытып жатыр. Жас спортшылардың арасында джиу-джитсуға біздің қосып жатқан үлесіміз көп деп ойлаймын. Өйткені «Sagadat batyr-QTT» спорт клубы елімізде Қырғызстанда және Ресейде өткен үлкен турнилерде жас спортшылар арасында командалық есеппен үздік орында келеміз. Біз де спорт клубымыздың атынан тұлғаларымызды насихаттап, спорттың осы түрін дамытып жатырмыз. Спорт – үлкен идеология. Спорт арқылы балаларды отаншылдыққа, патриоттыққа тәрбиелеуге болады. Спорт клубымызға Сағадат Нұрмағанбетовтің есімін қоюымыздың да үлкен мәні бар. Жастарды әскери патриоттыққа, Отанын қорғайтын адал ұрпақ ретінде тәрбиелеу. Бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін халықтың дені сау, рухы биік болуы керек. Әрқайсысынан әлем чемпионын шығармасақ та, елге адал қызмет ететін тұлғаны қалыптастыруды мақсат етеміз. 

Чемпионды дайындау үшін үлкен жүрек керек - бапкер

Джиу-джитсуға баланы неше жасында берген дұрыс?

Бұл спорт түрінде шектеу болмайды. Тіпті 40-тан асқан азаматтар да қатысып, өз шеберлігін шыңдай алады. Дегенмен кәсіби маман болуын қаласаңыз, 4 жастан бастап берген дұрыс. Спорт баланың ер мінезді болып өсуіне өз әсерін береді. Сондықтан баланы спортқа берген дұрыс және берер алдында бапкерімен ақылдасу керек. Міндетті түрде жақсы бапкерге беру керек. Себебі бапкер ретінде жақсы болып көрінемін деп баланың денсаулығын қинап немесе артық күш сала берсе, оның әрі қарай жалғастыруға ниеті болмай қалады. Баланың спортқа деген қызығушылығын жойып алады. Жарыс кезінде жеңіліп қалса, эмоциясын көрсетіп, балаға айқайлап әрі балағаттап, ұрысып жататын бапкерлер де бар. Сондықтан баланы дұрыс бапкерге беру керек деп ойлаймын. Өйткені бапкер баланың психологиясымен жұмыс жасайды. Жарыс алдында балалар сенімді болуы үшін бапкердің беретін тәрбиесі, айтқан сөздері маңызды. Спорт – үлкен ғылым. Өз басым спортты үлкен ғылым деп түсінемін. Өйткені, спортта техникалық, тактикалық, психологиялық дайындық бар.

Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы