Сенатор: Парламентте қаралған заңдарда ел тұрғындарының ұсыныстары ескерілуі тиіс

4 Шілде 2023, 21:26
833
Бөлісу:
Сенатор: Парламентте қаралған заңдарда ел тұрғындарының ұсыныстары ескерілуі тиіс
Фото: Парламент Сенатының баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков Жамбыл облысы Шу ауданында болды және аудандық мәслихат депутаттарымен кездесіп, сайлаушылардың ұсыныстарын тыңдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу барысында Тасөткел су қоймасы мен Шатыркөл кен орнына қатысты проблемалық мәселелер де талқыланды.

Сенатор Орынбеков 300 оқушыға арналған әл-Фараби атындағы орта мектептегі құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Құрылыс жұмыстарының едәуір бөлігі жүргізілгенімен, бірнеше ай бұрын құрылыс тоқтатылған болатын. Депутат құрылыс сапасын бақылаудың маңыздылығына аудан басшылығының назарын аударды.

Бекболат Орынбеков кездесу барысында сондай-ақ ҚР Парламенті Сенатының жұмысы туралы жерлестеріне айтып берді.

«Сенат депутаттары қазіргі уақытта ел өмірінде ерекше орын алатын маңызды заңдарды қарастыруда. Палата сонымен қатар бұрын қабылданған заңдарға да түзетулер енгізеді. Қабылданатын заңдардың сапасын қамтамасыз ету мақсатында біз халықпен белсенді қарым-қатынас жасап келеміз, заңдардың жүзеге асу барысын көзімізбен көру үшін ең шалғай ауылдық аудандардың тұрғындарымен кездесулерге барамыз. Қаралып отырған заңдарда өңірлер тұрғындарының ұсыныстары есепке алынған жағдайда анағұрлым сапалы болады деп ойлаймын», - деді депутат.

Бекболат Орынбеков сонымен қатар Балуан-Шолақ ауылдық округінің ирригациялық-дренаждық жүйелерін жетілдіру жұмыстарымен де танысты. Осы жобаның арқасында тозған арналар мен тоғандар жөнделіп, ауылдағы су құбыры мәселесі толығымен шешілуі тиіс екендігі туралы сенаторға айтылды.

Өзгелердің жаңалығы