Бұл туралы Сенатта өтіп жатқан Парламент қызметін цифрландыруға арналған семинарда депутат Жақып Асанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бәрімізге белгілі, цифрландыру жағынан Қазақстан өте жоғары деңгейде. Шүкір, жетістіктер баршылық. Әлемдік Digital IQ рейтигінде Қазақстан 20-орында. Көптеген сала бойынша мемлекеттік органдар жақсы дамып келеді. Осы ретте Парламентке келсек, біз сол көштен біраз қалып қойған жағдайымыз бар. Егемендік жылдарында 3 мыңнан аса заң, заңдарға тәуелді ондаған мың актіні қабылдаппыз. Осындай үлкен заңнамалық база болған соң онда кемшіліктер де, қарама-қайшылықтар да бар, керек емес қайталау да аз емес. Соның бәрі қоғамға, адамдарға тіпті заң шығарушыларға да қиындық туғызып отыр отыр. Осыны тәртіпке келтіру керек, - деп атап өтті сенатор.
Сонымен қатар ол Парламент қызметіне жасанды интеллектіні енгізу үшін қандай шараны қолға алғандарына тоқталды.
Сондықтан Сенаттың жобалық офисі мен Парламентаризм институты Парламенттің қызметіне жасанды интеллектіні қалай енгіземіз деп уәкілетті органдармен бірнеше талқылау өткіздік. Дүние жүзіндегі мықты озық тәжірибені іздедік. Сөйтсек, жасанды интелекттіні пайдалану жағынан әлемде ең озық заң шығарушы орган – Грекия парламенті болып шықты. Біз Грекия Парламентіне көмектескен компанияны тауып, оның білікті мамандарын Қазақстанға шақырдық. Бұл команда – Эленик Оу Сиар Тим деп аталады. Оның құрылтайшысы – доктор Фоти Специлис. Біздің білуімізше, тап осы компания Грекия Парламентін осындай жетістікке жеткізген, - деді Жақып Асанов.
Айтуынша, Парламент қызметін цифрландыру бағытында аталған компания елімізде екі семинар өткізеді.
Бүгінгі семинарға қос палатаның депутаттары мен аппарат қызметкерлері, Президент іс басқармасының Парламентаризм институты мен Орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып отыр. Семинардың мақсаты – Грекия Парламентінің тәжірибесін тыңдап, өзіміздің сұрақтарымызға жауап алып, келешекте жасайтын қадамдарымызды белгілеп алу. Осындай мақсатты алдымызға қойып отырмыз, - деді депутат.