Сенатор өңірлік рәміздерді жасау мен қолданудың бірыңғай ережелерін бекітуді ұсынды

13 Қазан 2022, 13:11
957
Бөлісу:
Сенатор өңірлік рәміздерді жасау мен қолданудың бірыңғай ережелерін бекітуді ұсынды

Бұл туралы бүгін өткен Сенат отырысында депутаттық сауал жолдаған сенатор Нұртөре Жүсіп мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, облыстық деңгейде геральдиканы қолдануды реттейтін нормалардың жоқтың қасы. Сонымен қатар ол Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында облыстар мен қалалар елтаңбалары азаматтардың патриоттық санасын дамытуға ықпал ететініне тоқталды. Алайда бұл сала ешқандай заңмен реттелмеген. Оның үстіне, әкімдіктерді өңірлік рәміздерге қатысты мемлекеттік стильді сақтауға және жүзеге асыруға міндеттейтін бірыңғай ережелер мен әдістемелік нұсқаулар жоқ.

Мәдениет және спорт министрлігінің 2015-2022 жылдары жүргізген мониторингтері тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерінің өңірлік рәміздерін әзірлеу, бекіту, қолдану және пайдалану жүйесінің әлі дұрыс реттелмегенін көрсетіп отыр. Қазіргі таңда Қазақстандағы 20 облыстың 13-інде, 3 мегаполис қалада, 186 ауданның 137-інде, 89 шағын қаланың 33-інде өз рәміздері бар. Бірақ өңірлік рәміздерді бекіту тәртібі заңмен реттелмеген, - деді сенатор. 

Депутат бұл олқылықтың орнын толтыру үшін өңірлік рәміздерді бекіту, қолдану, орнату, орналастыру және пайдалану бойынша нормативтік-құқықтық актілер мен нұсқаулықтарды қабылдау маңызды деп отыр. Сенатор «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға тиісті өзгерістер енгізуді ұсынды.

Өзгелердің жаңалығы