Сенатор мүгедектерге берілетін емнің қаражатын ұлғайтуды ұсынды

16 Қыркүйек 2021, 11:09
2375
Бөлісу:
Сенатор мүгедектерге берілетін емнің қаражатын ұлғайтуды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында депутат Нариман Төреғалиев мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарына қатысты заң жобасына қосымша баяндама жасап, Үкіметтің назарына бірнеше мәселені ұсынды.

Қаралып отырған заң жобасына Сенат жанынан 2019 жылы құрылған мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жұмыс тобының шеңберінде берілген ұсыныстар енгізілді. Заң жобасында 16 заңнамалық актіге, соның ішінде 2 кодекске және 14 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген, - деді ол.
Айтуынша, заң жобасын қабылдаудан күтілетін нәтиже - мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту, қолданыстағы әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жетілдіру және мүгедек балалардың барлық топтары үшін аурудың дәрежесіне қарай жәрдемақылар мөлшерін арттыру.

Бүгінгі күні «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңға сәйкес жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшiн еңбек өтілін есептеу кезiнде 16 жасқа дейiнгi мүгедек баланы бағып-күткен уақыт есепке алынады. Заң жобасында еңбек өтілін есептеу уақытын 18 жасқа дейін ұзарту көзделген, - деп түсіндірді сенатор Нариман Төреғалиев.
Бұл шара зейнеткерлік жасқа келген адамдарға мемлекеттік базалық зейнетақысын және жасына байланысты зейнетақы төлемін алу кезінде еңбек өтілін толық ескеруге мүмкіндік береді.

Депутат атап өткендей, қазіргі уақытта мүгедек адамдарды техникалық құралдар және қызметтермен қамтамасыз ету Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүзеге асырылады. Алайда белгілі себептерге байланысты кей мүгедек адамдардың портал арқылы өзіне қажетті құралдарын алу мүмкіндігі болмай отыр.

Мысалға алсақ, көп жағдайда жалғыз басты және денсаулығына байланысты электрондық құралдарын пайдалану мүмкіндігі жоқ адамдар портал арқылы қажетті құралдарын өздігінен ала алмайды. Бағасы қымбат протездік бұйымдарды заводтар жасап бергенімен, порталда кейбір жекелеген әлеуметтік қызметтерге орташа баға қарастыруға мүмкіндіктің болмауына және кейбір ауылдарда әлі де интернеттің жоқтығына және тиісті деңгейде жұмыс жасамауына байланысты, - деп айтты ол.

Сондықтан аталған жағдайларды ескере отырып, қолданыстағы «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңы бойынша жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік сатып алу арқылы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етуі қажетті қызметтерді алудың балама түрі ретінде қалады.

Заң жобасы шеңберінде бір салада көп жыл жұмыс жасаған, сондай-ақ еңбек қызметінде жоғары жетістіктерге жеткен адамдарды қолдау мақсатында еңбек ардагерлерінің тізімі кеңейтілді. Заң жобасы азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселесін жан-жақты қамтиды, - деді Нариман Төреғалиев.

Сенатор бірқатар мәселеге Үкіметтің назарын аударғысы келетінен айтты.

1. Мүгедек адамдарды санаторий-курорттық емдеу қызметтерімен қамтамасыз ету мәселесі.

Мүгедек адамдардың мемлекет тарапынан санаторий-курорттық емдеуге арналған бір күндік орташа бағасы (8 700 теңге) бұл санаторий-курорттық емдеу орындары ұсынған бір күндік бағасынан әлде қайда төмен.

Сондықтан санаторий-курорттық емдеуге арналған орташа бағаны ұлғайту мәселесін қарастыру қажет.

2. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 72 мың мүгедек азаматтарымыз санаторий-курорттық еммен қамтылуы қажет болған, алайда жергілікті атқарушы органдардың бөлген қаражатының жетіспеушілігіне байланысты аталған еммен мүгедек адамдардың 55%-ы ғана қамтылды.

Осы ретте мүгедек адамдарды санаторий-курорттық еммен 100% қамту үшін жергілікті атқарушы органдарға қосымша қаражат бөлу мәселесін шешу қажет.

3. Қазіргі таңда мүгедек адамдарды жұмыспен қамту мәселесі өзекті болып отыр.

Бүгінгі күні жұмыс берушілер қолданыстағы заңда қарастырылған мүгедектерді жұмысқа орналастыру бойынша белгіленген квотаны тиісті түрде орындамай отыр. Осы себептен мүгедек адамдарға белгіленген квота шеңберінде жұмыс беруші, мүгедек адамды жұмысқа орналыстырмағаны үшін, жұмыс берушінің есебінен өтемақы төлеу тетігін енгізуді қарау қажет. Аталған заң жобасы мүгедек адамдардың жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізеді, - деп түсіндірді Нариман Төреғалиев Сенатта.

Ол Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті аталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдауды ұсынатынын жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы